RU
Толық нұсқаға өту

Биыл елде 188 мың пәтер пайдалануға беріледі

14.10.2026, 19:35 36

Құрылыс саласында даму бар. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елде 7,8 трлн теңгенің жұмысы жүріп, 11,5% өсім көрсетті. 17 өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі артты. Өсім Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарында байқалды. Жалпы, өңірлерде 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға көп, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл елде 20 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – шамамен 188 мың пәтер. 9 айда құрылыс көлемі 11 жарым пайызға артты. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі 13 млн 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылғанын хабарлады.

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Құрылыс саласында тоғыз айдың қорытындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен 7,8 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артты. Өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ұлытау және Атырау облыстары мен Шымкент қаласы ең жоғары өсімді көрсетіп отыр. Теріс көрсеткіштер Жетісу, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. 

Алматы, Маңғыстау, Павлодар облыстары баспана құрылысы бойынша көш бастап тұр. Ал Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында көрсеткіш төмендеген. 17 өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны артты десек, Ұлытау, Атырау облыстары мен Шымкент қаласы орындалған құрылыс жұмыстарының өсімі жағынан алдыңғы орынға шықты.

8 айда азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді. 7 мыңға жуығы бұл баспананы жекешелендіріп үлгерді. 2024 жылдың желтоқсанынан бері азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген арендалық баспананы жекешелендіруге құқығы бар. Әлеуметтік осал топтағы 459 мың азамат баспана кезегінде тұр. Ел бойынша 988 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегін күтіп жүр. Әкімдіктерге облигациялық қарыз беру арқылы 155,5 млрд теңгеге 12,6 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалдамалы пәтер беру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 млрд теңгеге 3,5 мың жалдамалы пәтер сатып алу көзделген. Құзырлы министрлік өкілдері баспанаға мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық қарыздар да берілетінін атап өтті. Биыл 12 мың 600 адамға жалпы сомасы 175 млрд теңгенің несиесін беру жоспарланған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz