Тобыл қаласының іргесіндегі демалыс орны орман ішінде орналасқан. Табиғи аумақта бірнеше ойын, спорт алаңы, жаяу жүргінші, велосипед жолағы бар. Экосаябақтың ашылу салтанатына қазақстандық атақты зілтемірші Илья Илин қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Қала ішіндегі қарбалас, у-шудан тысқары бұл аумақ таза ауа, тыныштық іздеген жанға таптырмас орын. Аумағы 44 гектар экологиялық саябақ ішінде адамдардың қауіпсіз және алаңсыз демалуына барынша жағдай жасалған.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
– Әрине, мұндай жерлерді біз жақсылап пайдалану керекпіз. Мен күн сайын осы жерден өтіп бар жатқан кезде көріп отырмын, түнге шейін адамдар осы жерге көп жиналады. Сондықтан бұл саябақ өте бір жақсы демалатын орын болады деп есептеймін.
Атақты ауыр атлет Илья Илин жасыл аймақтағы экосаябақ бірінші кезекте адамдардың денсаулығын нығайтуға үлкен сеп екендігін атап өтті. Оның бұл сөзін мұнда келгендерде растап отыр.
Өтебек Бекбосынов, Заречный ауылының тұрғыны:
– Қарағайдың ішінде егерде демалып шыққан адамға өте бір пайдалы деп ойлаймын мен. Бұл әсіресе демікпе ауруымен ауырады ғой, соған өте пайдалы екен. Егер осы арада бір 15-20 минут жүрген адам мен ойлаймын сондай үлкен әсер алуға тиісті деп.
Саябақтағы футбол, күрес алаңы, воркаут аймағы, балалардың ойын алаңы, вело, жаяу жүргіншілер жолағы бәрі талапқа сай жасалған. Қауіпсіздік жағы ерекше ескерілген.
Денис Петрухно, Қостанай аудандық ТҮКШ басшысы:
– Саябақтың сыртқы шекарасының бойында 39 бейнекамера орнатылады. Бірнеше жерде өрт сөндіргіш жабдықтар қойылған. Ішкі тәртіпті, қауіпсіздікті қадағалайтын арнайы қызметкерлер болады.
Бұл жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге жұмсалған. Жауапты мамандардың айтуынша, экосаябақ құрылысы барысында орман ішіндегі бірде-бір ағаш кесілмеген.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #24KZ #Қостанай облысы #экосаябақ #Тобыл қаласы #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz