RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында сегіз жылда тұрғын үй құрылысы 2,5 есе артты

15.10.2026, 08:49 45

8 жылда Түркістанда 319 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 20 мың адам баспаналы болды.  

Оның ішінде 60 үй жеке инвесторлардың қаражатына салынды. Құрылыс саласы дамып, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу және инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Енді биыл қанша тұрғын үй салынап жатыр? Жыл соңына дейін қанша пәтер тапсырылады?

Қалада соңғы 8 жылда 1 трлн 417 млрд теңгеге  3 млн шаршы метр баспана салынды. Үйлі болғандардың жартысынан көбі тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Мамандар биыл тағы 37 көп қабатты үйдің тапсырылатынын айтады. Жыл басынан бері 410 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бастапқы жылдармен салыстырғанда тұрғын үй құрылысы 2,5 есе артты. Алайда жан-жақтан көшіп келушілер есебінен үй  кезегінде тұрғандардың саны да көбейді. 

Бекбарыс Фазылхан, қалалық құрылыс бөлімінің тұрғын үй істері бойынша сектор меңгерушісі:

- Қазіргі сәтте Түркістан қаласы бойынша 24 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биылғы жылдың есебінен біз 2 мыңнан аса адамды пәтермен қамту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда Отбасы банкке пәтерлер табысталды. Сол мекемелер тарапынан пәтерлер тұрғындарға үлестірілетін болады.

ОБЛЫСТА 6 ЖЫЛДА 718 ҮЙ САЛЫНДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАМЕН - 655 ТҰРҒЫН ҮЙ

ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯ ЕСЕБІНЕН - 63 ТҰРҒЫН ҮЙ

2020  – 2026 ЖЖ АРАЛЫҒЫНДА ТАПСЫРЫЛҒАН ПӘТЕР САНЫ 133 % АРТТЫ

2020-2025 ЖЖ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ₸ 2,5 ТРЛН ЖҰМСАЛДЫ

Жалпы соңғы 6 жылда облыс бойынша 718 көп қабатты тұрғын үй  салынып, 22 мың адам баспаналы болды. Оның ішінде 63 үй жеке инвестиция есебінен салынды. Мәселен, 2020 жылдан бері  пайдалануға берілген пәтер саны  2,3 есе өсіп, 133 пайызға артты. 2020-2025 жылдар аралығында 2,5 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Биыл 770 млрд теңге бөлінді.

Байдулла Оразбеков, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Түркістан облысында биыл 248 үй салу жоспарланған. 6308 пәтер болады. Оның ішінде 145 үй жеке салушылар есебінен болса, 103 үй мемлекеттің қаржыландырып жатқан үйлері. Көп балалы, жалғызбасты отбасыларға жеңілдетілген несиелер арқылы баспанамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Одан бөлек кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы үйлерді де береміз. Биылға 500-ден астам пәтер жоспарланған. Оны жыл соңына дейін пайлануға беріп, тұрғындарға тапсырамыз. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл еліміз бойынша 188 мың пәтер тапсыру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша Астана  2,7 млн шаршы метрмен көш бастап тұр. Екінші орында Алматы - 1,8 млн шаршы метр, үздік үштікті Алматы облысы - 0,9 млн шаршы метрмен түйіндейді. Ал Түркістан облысы 719 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын тапсырып, 4-орынға тұрақтады.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz