Елордада мерейтойлық Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күні өтіп жатыр. Ауқымды іс-шара аясында мемлекеттік коммуникация саласында ерекше көзге түскен үздік мамандар мен ведомстволар марапатталып, медиаиндустрияның өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Дәстүрлі түрде өткізілетін шараның басты сәттерінің бірі – «Үздік баспасөз қызметі» және «Үздік баспасөз хатшысы» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтау рәсімі болды.
Комиссия шешімімен еліміздің мемлекеттік органдары арасынан «Үздік баспасөз қызметі» аталымында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі танылды. «Үздік баспасөз хатшысы» аталымының жүлдесі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға табысталды.
Медиа апталық аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» атты сарапшылар кездесуі қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль сөз сөйледі.
Сарапшылар мемлекеттік ақпараттық саясаттың бүгінгі бағыттарын, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) тығыз қарым-қатынасын, сондай-ақ қоғаммен кері байланысты күшейту жолдарын талқылады.
Шара барысындағы «Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» атты ауқымды пікірталаста шығармашылық индустрия, кино және медиа өкілдері сапалы ұлттық контентті дамыту мен оны жас аудиторияға кеңінен насихаттау мәселелерін қозғады. Бұл сессияға ҚР Парламентінің депутаты Асхат Аймағамбетов, Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Алдан Нағашыбек, танымал журналист Жазира Байдалы, режиссерлер Ернар Алмабек пен Жандос Құсайынов, сондай-ақ Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн қатысты.
Сонымен қатар, қатысушылар «Жарнама медиа нарығының жаңа экономикасы» атты стратегиялық сессияда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia компанияларының өкілдерімен бірге цифрлық платформалардың даму тенденциялары мен медиаконтентті монетизациялау жолдарын қарастырды.
Медиа апталықтың практикалық бөлімі де мазмұнды болды. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари «Деректер экономикасы: бизнес-аналитика басқару мен шешім қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Одан бөлек, «Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты» LIVE-зертханасы мен «Меншікті медианы дамытуға арналған TikTok LIVE» воркшоптары ұйымдастырылып, қатысушыларға заманауи цифрлық құралдар мен тікелей эфир мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.
Еске сала кетейік, 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Astana Media Week бұл жолы да мемлекеттік органдар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері, сондай-ақ IT саласының мамандарын бір алаңда тоғыстырып отыр. Биылғы мерейтойлық жиынның басты мақсаты – медиа саласын жасанды интеллект заманында дамыту және кәсіби қауымдастық арасындағы байланысты одан әрі нығайту.
Тегтер #Astana Media Week 2026 #Үздік баспасөз қызметі #Үздік баспасөз хатшысы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz