RU
Толық нұсқаға өту

Елде тұрғын үй құрылысының көлемі артып жатыр

15.10.2026, 19:29 33

Елде тұрғын үй құрылысы көбейіп жатыр. Алайда баға саясаты әр жерде әр түрлі. Елордада жаңа пәтер бағасы аздап түскен. Құрылыс компаниялары да жеңілдік ұсынудан бас тартып жатқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай нарықта ұсыныстың төмендегенін аңғартады, деп хабарлайды 24KZ.


Отандық тұрғын үй құрылысы саласында өсім бар. Биыл қаңтар мен тамыз айлары аралығында 11 млн 326 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Ал аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,6 пайызға өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде ең көп тұрғын үй елордада салынған – 2,7 млн шаршы метр. Алматыда 1,8 млн болса, Алматы облысында шамамен 1 млн шаршы метр.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

– Біріншіден, шаршы метр бағасының төмендеуі байқалады. Бұл – ресми динамика. Бұдан бөлек, құрылыс компаниялары өздерінің жеңілдіктерін ұсынып жатыр. Қазір баспана сатып алуға қолайлы уақыт деуге әбден болады.

Астанада соңғы 15 ай ішінде жаңа пәтерлердің бағасы түскенін аңғаруға болады. Өткен айда 0,2 пайызға арзандаған. Ал жалпы Қазақстан бойынша баспана 1 жыл ішінде шамамен 11 пайызға қымбаттапты. Ал екінші нарықтағы жылжымайтын мүлік құны 8 пайызға өскен. Орта есеппен жаңа үйдің шаршы метрі шамамен 626 мың тг болса, қайталама нарықта шамамен 639 мың теңге. Қызығы сол, пәтер жалдау құны өскен. Мәселен, бас шаһардағы баға 1 ай ішінде 5 пайызға артқан.

Лев Тетин, инвестициялар мен жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы:

– Былтыр күшіне енген заң жаңа тұрғын үй құрылысы нарығына қатысушылардың тең жартысын қысқартты. Қысқарғандардың көбі заңсыз жұмыс істеген компаниялар. Тиісінше, нарықта ұсыныс 2 есе азайып қалды. Сұраныс та бұрынғыдай көп емес, бірқалыпты. Елде айына 35-40 мың сатып алу-сату келісімшарты жасалады. Кейінгі 3 жылдағы көрсеткіш те осындай. Мәселен, былтыр барлығы 449 мың келісімшартқа қол қойылған.

Сарапшының болжамы бойынша, биыл жыл соңында елде 460 мыңға дейін келісімшарт жасалуы мүмкін. Демек былтырғы көрсеткішпен теңеседі. Бұл ұсыныс 2 есе азайса да, сұраныс деңгейі бұрынғыша қалып отыр дегенді білдіреді. Сала мамандарының айтуынша, баспана бағасы қымбаттамаса, арзандамайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Наспаев, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz