RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында жеті жылда 43 мың адам баспаналы болды

15.10.2026, 19:30 34

Ақмола облысында да тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Соңғы жеті жылда өңірде көпқабатты 101 үй салынып, 43 мыңға жуық адам қоныс тойын өткізді. Бұдан бөлек, 163 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Құрылыс қарқыны өңір экономикасына қаншалықты әсер етті? Сарапшылар не дейді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Бұл облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» шағын ауданы. Мұнда соңғы жеті жылда 48 тұрғын-үй салынған. Көпқабатты баспананың біразы – «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі. Үй кезегінде тұрған екі жарымға мыңға жуық адам жаңа пәтерге ие болды. Енді мұнда әлеуметтік нысандардың құрылысы қыза түсті. Тек өткен жылдың өзінде екі бірдей жайлы мектеп пен көпфункционалды спорт кешені іске қосылды.

Иә, соңғы жылдары Көкшетау сәулеті мен сәні келіскен қалаға айналды. Бұл – мемлекеттік қолдаудың, қала берді құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысына да баса көңіл бөлініп отыр.

Азамат Байқуанышев, Құрылыс басқармасы басшысының м.а.:

- Соңғы бірнеше жылда өңірде 100-ден астам әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Білім саласында 20-дан астам мектеп салынды. Қазір осы оқу ошақтарында 18 мың бала білім алып жатыр. Денсаулық сақтау саласында ауылдық жерлерде қырыққа жуық дәрігерлік пункт бой көтерді. Қазір облыс орталығында 630 орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр. Қайтарылған активтер есебінен бірнеше спорт кешені салынып, пайдалануға берілді.

Құрылыс саласының дамуы өңір экономикасына да айтарлықтай әсер етеді. Өйткені әр құрылыс нысаны жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Сол арқылы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне септігін тигізеді», – дейді сарапшылар.

Талғат Демесінов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Құрылыс саласында тұрғын үйлердің көптеп салынуы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің артқанын білдіреді. Сонымен қатар коммерциялық және сауда нысандарының салынуы орта және шағын бизнестің дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Қазір аймақта 52 нысан салынып жатыр. Оның 25-ы тұрғын-үй болса, қалғаны әлеуметтік нысан. жауаптылар құрылыс нысандарының санына емес, сапасына баса көңіл бөліп отырғандарын айтады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz