RU
Толық нұсқаға өту

Astana Media Week форумында ЖИ және журналистика этикасы талқыланды

15.10.2026, 19:53 33

Орталық Азиядағы ең ірі медиафорум Astana Media Week-тің бүгін екінші күні. Осымен 10-рет ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шарада биыл өзгеріс көп. Отандық БАҚ өкілдерінің басын қосқан жиын бағдарламасында бүгін жасанды интеллектіні пайдалана отырып, көптілді хабар тарату тәсілдері, критикалық интеллект сияқты тақырып қаузалды. Мұнымен қоса, алаңға шақырылған спикерлер қате ақпарат жариялаған БАҚ-тың жауапкершілігі мен журналистік этика мәселесін де көтерді. Заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы айтылды, деп хабарлайды 24KZ.

Гүлжан Тұрсын, Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің бөлім редакторы:

– Бәрін бастан өткердік. Бүгінде заман көшіне ілесіп, өздерің сияқты ЖИ-ді, заманауи технологияларды меңгеріп жатырмыз. Десе де өзіміздің журналистік ұстанымымызды бірінші орынға қоямыз. Жергілікті журналистиканың бір міндеті – жергілікті өзекті мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу.

Форумға қазақстандық және шетелдік журналистер, мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналған. Алаңда 5 жарым мыңдай БАҚ маманы бас қосты. Кеше іс-шарада жасанды интеллектінің медиаға ықпалы талқыланды. Ертеңгі жоспарда мемлекеттік ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысы сөз болады. Мұнымен қоса, өңірлік редакцияларды қолдау, отандық контент өндірісін дамыту және медиа нарықтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылады. Ал ертең алғаш рет апталық аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталады. Байқауға 12 аталым бойынша барлығы 600-ден астам журналист өтінім берген.

Олжас Құрмашев, баспасөз қызметінің өкілі:

– Форумның мерейтойына келіп жатырмыз. Жақсы қырынан, жақсы тақырыптарды қозғап жатыр. Бұл біздің осы өңірлік БАҚ-та жұмыс жасауда аса қажет деп есептеймін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz