RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында екі аптада тоғыз үй өртенді

15.10.2026, 21:38 31

Қарағанды облысында жылу беру маусымы басталған екі аптада 9 үй өртенді. Жеке секторда өрттің шығуына қауіпсіздік талаптарының сақталмауы басты себеп. Төтенше жағдай қызметкерлері мен волонтерлар үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Олар әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға өртке қарсы датчик орнатты. Пештердің жылыту маусымына дайындығын тексеріп, мұржаларын тазартып берді, деп хабарлайды 24KZ.

ЕКІ АПТАДА 9 ҮЙ ӨРТЕНІП КЕТТІ

Диана Тайжанова өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Сондықтан өрттің алдын алу мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарайды. «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы аясында бойжеткен жақындарының қауіпсіздігін ойлап, әжесінің үйіне өрт шыққанын бірден анықтайтын құрылғы орнатуға көмектесті.

Диана Тайжанова, қала тұрғыны:

– Үйде пеш болса, мұндай датчик міндетті түрде орнатылуы тиіс. Ол ауада улы газ мөлшері көбейсе, бірден дыбыстық белгі береді. Болашақ өрт сөндіруші ретінде қауіпсіздікті сақтауды өзімнен, жақындарымның үйінен бастауым керек.

Светлана Макштад бұл үйде қырық жылдан бері тұрады. Зейнеткер үйдегі пешті қыс басталмай тұрып толық тексертіп алған.

Светлана Макштад, қала тұрғыны:

– Пешті үнемі тазалап, күлін шығарып отырамыз. Биыл кірпішін жаңадан қалап, торларын ауыстырдық. Әрине, өрт қауіпсіздігі мамандарының келгені жақсы болды. Немерем датчик орнатып берді. Кейде түтіннің иісін мүлде сезбей қалатын кездерім болады. Кеше көршілер келіп, үйіңнен түтіннің иісі шығып жатыр деп айтты.

Өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайтын тұрғындар бар. Пештің жарамдылығын қарап, тоқ сымдарын тексеруді, мұржаны тазалауды естен шығарады. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үйлерді аралап жүр. Облыстағы жеке секторға тиесілі үйлердің саны 100 000-нан асады. Соның 7 мыңында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар тұрады.

Құрмет Жұмекенов, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

– 7410-01/ Халықтың әлеуметтік осал топтарынан алатын болсақ, 2 мыңнан артық үй араланды. Ал мына қазіргі таңда айтамыз ғой, студенттермен, жастармен бірге шамамен 500-600 үйдің үстінде осы Қарағанды қаласы бойынша араланды. Әлеуметтік осал топтарға енді мына жергілікті атқарушы органдардың көмегімен, мысалы, улы газ датчиктерін қойып жатырмыз, пештерінің мұржаларын тазалап беріп жатырмыз.

Былтыр жылу беру маусымында облыс бойынша жеке үйлерде 298 өрт болған. Тілсіз жау салдарынан 11 адам көз жұмып, тағы 11-і жарақаттанды. Ал биылғы жылу беру маусымының басталғанына екі апта ғана өтті. Осы уақыт ішінде Қарағанды облысында 9 үй отқа оранып, үй иелері баспанасыз қалды. Еліміз бойынша жылыту маусымы басталғалы 68 өрт тіркеліп, үш адам қаза тапқан.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz