Батыс қазақстандық диқандар бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде астық жинады. Облыс бойынша орташа өнімділік әр гектардан 21 центерден келсе, жекелеген шаруашылықтар күздік бидайдан 72 центнерден өнім алған.
Дала төсіндегі қарбалас тірлік әлі де жалғасып жатыр. Қазір майлы дақылдар алқабының 64%-ы орылған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Батыс Қазақстан облысында күзгі жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Біз қазір астықты алқаптардың 70% орналасқан Бәйтерек ауданындамыз. Ауданда биыл дәнді дақылдардың әр гектарынан 34 центнерден өнім алынса, майлы дақылдардың гектарынан 9 центнерден өнім жиналуда. Күні бүгін майлы дақылдар алқабының 70% орылған.
Атамекен ауылындағы «Авангард» серіктестігі биыл 20 мың гектар алқапқа егіс салды. Дәнді дақылдарды қыркүйектің басында орып бітірсе, дала кемелері қазанда күнбағысқа кірісті. 6500 гектар алқаптың үштен бірі қалған. Мамандар биылғы жылдың ерекше болғанын айтады.
Сергей Дичанский, серіктестіктің бас агрономы:
- Көктем жаңбырлы болды. Жаздың басы қатты ысыды. Одан қайта салқындады. Біз күнбағысты мамырда егіп едік. Нағыз дән салар шағында күн ысып кеткендіктен, ойдағыдай өнім ала алмадық. Гектарынан 10-11 центерден жинап жатырмыз. Ал кешігіп еккен, яғни маусымның ортасында тұқым сепкен шаруалар, керісінше, 15-20 центнерден жинап жатыр.
Монодақыл бидайға ғана иек артпай, құны қымбат өзге дақылдарға ауысу, яғни егіс шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары нәтижесіз емес. Мәселен, биылғы 691 мың гектар егістің 288 мыңын ғана дәнді дақылдар құрайды. Майлы дақылдар алқабы былтырмен салыстырғанда 43 мың гектарға артып, 184 мың гектарға жеткен. Ал бұршақтық дақылдар көлемі соңғы екі жылда 12 есе артқан. Шаруалар сонымен қатар жаппай мал азықтық дақылдарға, соның ішінде судан шөбі мен сорго, яғни қонақ жүгері өсіруге ден қоя бастаған.
Қайырбек Мырзағалиев, «Нұрдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі:
-Бес-алты жылда қонақ жүгері бар, судан шөбі бар, жайлап келіп жатыр. Малдың тамағы, азығы түр-түрі көбейіп жатыр. Биыл 500 гектар қонақ жүгері ектік. Бірінші рет қонақ жүгеріні пайдаланайын деп тұрмыз. Арпамен, қара бидаймен, кебекпен араластырып беретін ойымыз бар. «Жалпы бұл салмақ жақсы қосады», - дейді. Соны көрейік деп дайындалып жатқан жайымыз.
Биыл облыста егін шаруашылығына, яғни алынған тыңайтқыш пен тұқымның, пестицидтердің шығынын субсидиялауға бюджеттен 2 млрд 645 млн теңге бөлінді. Ал жалпы ауыл шаруашылығына 31,5 млрд теңге қаржы қаралған. Қолайлы ауа райы мен мемлекеттік қолдау шаралары бұрын-соңды болмаған мол өнімге негіз қалапты.
Жасұлан Халиуллин, БҚО Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы:
- Егін оруға келсек, қазір дәнді дақылдар мен бақша дақылдарын жинау жұмыстары толықтай аяқталды. Дәнді дақылдардан орташа өнімділік 21 центнерден құрап, бұл өнімділік рекордтық өнімділік болып табылады. Нәтижесінде 605 мың тоннаға жуық дәнді дақылдар жиналып, былтырғы өнімнен екі есе артық болып отыр. Ал бақша дақылдарына келсек, 21 мың тонна өнім жиналды, ол былтырғы көлемнен екі мың тоннаға артық болып отыр.
Өңірдегі машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да қарқын алды. Егер былтыр шаруалар 15,4 млрд теңгеге техника жаңаласа, биылғы 9 айдың өзінде бұл көрсеткіш 25 млрд теңгеден асқан. Су жаңа 1654 трактор алынған.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап
Тегтер #24KZ #Батыс Қазақстан облысы #дәнді дақылдар #рекордтық көрсеткіш #астық жинау #диқандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz