«Мақат Арена» спорт сарайының құрылысы аяқталар емес. «Мақат Арена» – аты айтып тұрғандай, Атырау облысы Мақат кентіндегі нысан. Құрылысы 2024 жылы басталған. Ғимарат былтыр ашылуы керек еді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір ауыл балалары шағын спорт мектебінде жаттығып жүр.
Мақат ауданында футболға қызығушы жас көп. Парасат Қуаныш бүгінде Мақат футзал клубының құрамында жақсы ойын көрсетіп, ауданның ғана емес, облыстың да абыройын асқақтатып жүр. Дегенмен қазіргі жаттығу залының талапқа сай емес екенін айтады. «Мақат Арена» ашылса, нәтиже де жақсарар еді», – дейді ол.
Парасат Қуаныш, «Мақат» футзал клубының ойыншысы:
– Жаттығып жатқан залымыз стандартқа, әрине, сай емес. «Мақат Арена» тез ашылса, өте қуанышты болар едік. Жаттығуымызды өте жақсы деңгейде жасап, нәтижені одан да өте жақсы қылар едік.
Мақат Аренаның құрылысы 2 жыл бұрын басталды. Былтыр пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ жоспар орындалмай қалды. Қазір нысан құрылысының жартысы ғана аяқталған. Құрылыс жұмыстарының баяу жүруіне бірнеше себеп болды. «Соның бастыларының бірі – құрылыс нысанының орналасқан жері өте қолайсыз болды», – дейді мердігер.
Бейбіт Кәшім, «СК NEW CITY» ЖШС жоба жетекшісі:
– Қарапайым сөзбен айтқанда сор болды. Жерді ауыстырттық. Бұл жерге өз қалтамыздан қаржымызды жұмсап, геологиялық іздестіру жұмыстарын жасадық. Жердің жақсы екенін дәлелдедік. Сөйтіп жүргенде 2024 жылы біз топырақ негізін дайындадық. Әрі қарай қаржыландыру мәселесі болды. Жұмысты тоқтаттық. Айта кететін нәрсе, бізде қаржыландыру өте үлкен мәселе болды.
Қазір құрылыс алаңына қажетті материалдар жеткізілген. «Нысанның сырты қапталғаннан кейін ішкі жұмыстарға кірісеміз», – дейді мердігер. Егер қаражат уақытында аударылса, келер жылдың мамырына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Әбілқайыр Қадыров, Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Осы құрылыс жұмыстарына ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда, өздеріңіз көргендегідей, іргетастың ішкі жұмыстары, қабат-қабатымен топырақ төсеу жұмыстары, тегістелу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаражат енді уақытында бөлінбеуіне байланысты жылдарға, келесі жылға қалып келе жатыр ғой.
Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге. Бүгінге 1 млрд 10 млн теңгесі игерілген. Жоба қаражатының жартысы республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті қазынадан бөлінеді. Жауаптылар: «Қаржыны уақытында аударып, спорт ғимаратын келер жылы тапсырамыз», – деп сендіріп отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #24KZ #Мақат ауданы #спорт кешені #құрылыс жұмыстары #Атырау облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz