RU
Толық нұсқаға өту
фото: instagram.com/navaib

Ресей Navai-дің ұсталуына байланысты Қазақстаннан түсініктеме сұрады

16.10.2026, 09:02 35

Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы рэпер Navai-дің ұсталуына қатысты мән-жайды түсіндіруді сұрап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады, деп хабарлайды 24KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Бас консулдықтың мәліметінше, Ресей тарапы өнер иесінің ұсталғаны туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан білген. Қазақстан билігінен бұл туралы ресми хабарлама түспеген.

Біз жергілікті билікпен ресми байланыс орнату үшін нота жолдадық. Азаматымыздың қазір қайда екенін, қандай жағдайда ұсталып отырғанын анықтап, қажетті жағдайда онымен консулдық кездесу ұйымдастыруды сұрадық, – деп хабарлады Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы.

Сонымен қатар рэпердің қорғаушылары оны қамауға алу туралы сот шешіміне апелляциялық шағым дайындай бастағаны хабарланды.

Наваи Бакиров 13 қазанда Қырғызстаннан Қазақстанға кіреберістегі «Қордай» өткізу пунктінде ұсталған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ол мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген.

Өнер иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 15 қазанда сот оны қамауға алуға санкция берді. Қазір есірткі контрабандасы және оны заңсыз сақтау деректеріне қатысты екі бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Navai-дің жеке концерті 14 қазанда Астанада өтуі керек еді. Алайда билет сататын оператор концерт басталуына төрт сағат қалғанда іс-шараның «техникалық себептерге байланысты» өтпейтінін хабарлады. Көрермендерге билеттерді сатып алған платформалар арқылы ақшасын қайтару ұсынылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz