Жамбыл облысында соңғы жеті жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан 9 мың ауыл тұрғыны кәсібін ашты. Ауылдағы жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен 43 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде жеңілдетілген несие алған тұрғындар кәсібін кеңейтіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көргендердің бірі – Гүлжайна Ережепова. Байзақ ауылының тұрғыны былтыр 8 млн 900 мың теңге жеңілдетілген несие алған. Жолдасымен бірге қияр өсіретін жылыжай салды. Сондай-ақ тамшылатып суару жүйесін алып, жылыжайға пеш орнатты. Соның арқасында жыл он екі ай өнім алып отыр.
Гүлжайна Ережепова, Байзақ ауылының тұрғыны:
– Бұл – дәнін арнайы тапсырыс беретін северан деген дән. Ол – жылыға, суыққа төзімді, өнімді көп беретін дән. Сондықтан осыны таңдадық. Бұл – бізде үшінші егін. Бір айда 1,5 тоннадай аламыз. Осы Байзақ ауылында екі үлкен дүкен бар. Сол жаққа өткіземіз. Ауылды қамтып отырмыз.
Кәсібін кеңейткендердің бірі – Айнагүл Ахметбекова. Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны бір жарым жыл бұрын 1,2 гектар жер алып, құс шаруашылығы кооперативін құрды. Ол 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 17 млн теңге несие алған. Қаржының бір бөлігіне құрал-жабдық алса, қалғанын құс жұмыртқасына жұмсаған. Бүгінде айына бір тонна ет өндіріп, өнімін Астана, Алматы мен Түркістан облысына жібереді.
Айнагүл Ахметбекова, кооператив жетекшісі:
– Канададан үндіктің, Чехиядан бройлердің, Башқұртстаннан үйрек пен қаздың жұмыртқасын алдыртамыз. Біз наурыз айында жұмыртқаны қоямыз, 4 ай балапан шығарамыз. Тамыздан бастап 5 ай ет союмен айналысамыз. Қазіргі таңда сатып жатқан өзімнің жеке бағам: 2 500 теңге – тауықтың еті, 4 300 теңге – үйректікі, 4 500 теңге – қаз, 5 мың теңге – түйеқұс.
«Ауыл аманаты» жобасы өңірде 2019 жылы басталды. Содан бері бағдарламаға 43 млрд теңге бөлініп, 9000 ауыл тұрғыны кәсіпкер атанды. Жоба елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етті.
Асыл Ақберді, «Тараз» ӘКК несиелеу департаментінің:
– 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын ауыл тұрғындарының саны 69 мыңға жуық болса, бұл көрсеткіш 2026 жылы 16 мыңға жуық адам басына азайды. Яғни 6 жыл аралығында АӘК алушылардың саны 4 есе азайды.
Аймақта шағын бизнестен түсетін салық көлемі едәуір артқан. Мәселен, 2020 жылы салық түсімі 400 млн теңге болса, қазір 1,6 млрд теңгеге жеткен. Былтыр өңірде осы бағытқа 5 млрд теңге бөлініп, 566 жоба жүзеге асты. Биыл бұл бағытқа 7 млрд теңге қарастырылған.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев
Тегтер #24KZ #Жамбыл облысы #Ауыл аманаты #кәсіпкер #ауыл тұрғындарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz