RU
Толық нұсқаға өту

Шетелде қазақы нақыштағы тауарларға сұраныс артты

16.10.2026, 14:30 34

Шетелде отандық өнімдерге сұраныс артты. Қазір қазақстандық тауарлар әлемнің 100-ден астам еліне экспортталады. «Әсіресе, қазақы нақыштағы заттарға сұраныс жоғары», – дейді сарапшылар. Тауарлардың басым бөлігі Қытай мен Ресейге жөнелтіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл елдерде қазақ диаспорасының 2 млн-нан астам өкілі өмір сүреді.

Елде заманауи түрде ұсынылатын ұлттық тағамдарды жаңғырту үрдісі қалыптасып келеді. Мәселен, астаналық бренд-аспаз Артем Канцев қазақ тағамдарына жаңа леп беріп, ұмыт қалғанын жандандырып жүр. Ол құрт және дала шөптерімен дәмделетін бауырсақ жасайды. Айтуынша, қазақ асханасы әлемнің гастрономиялық картасынан орын алуға әбден лайық.

Артём Канцев, бренд-аспаз:

– Бала кезден ауылдарды аралап, атқа мініп, қой бақтым. Негізі барлық көне тағамдарымыз көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты деуге келеді. Өйткені бұрындары күн райы өте құбылмалы болған. Мұндай жағдайда аман қалу үшін қазақ тағамдары өте құнарлы әрі тойымды етіп дайындалған. Әрине, қазір заман өзгеріп, азаматтардың талғамы жоғарылады. Ұлттық асхана қазақылығын сақтай отырып, түрлене бастады. Біз сол сарынмен тағам дайындаймыз.

Қазақ асханасының қайта жандану үрдісі – бірегейлікті көрсетіп, туристер ағынын арттыруға сеп болды. «Сол арқылы әр ұлттық ас әлемге танылып, сұранысқа ие болып жатыр», – дейді сарапшылар.

Вероника Даугалиева, ҚР Қоғамдық тамақтандыруды өзін-өзі реттейтін ұйымның төрағасы:

– Нео-қазақ асханасын қазір әлем елдері танып-біліп жатыр. «Нео» деп отырған себебім, ол өзіміздің дәстүрлі тағамдарымызды жаңа бағытта ұсынып жатқанымызды білдіреді. Яғни біз ақырындап өз мәдениетімізді дамытуды қолға алып жатырмыз.

Ал қыштан жасалған қазақтың тұрмыстық бұйымдары бүгінде әлемдік аренада жоғары бағаланады. Мәселен, Қарлығаш Оралбай саз балшықтан дүние жасап, оны ою-өрнекпен безендіреді. Оның заттарын қазақстандықтар қолданып қана қоймай, сыйға да табыстайды. Ерекше үлгідегі дүние жасауды трендке айналдырған шебер жуырда Түркияда өткен байқауда бақ сынап, бірінші орын иеленді. Осылайша, қазақ мәдениеті мен бұйымдарын жаһандық деңгейде паш етті.

Қарлығаш Оралбай, қыш шебері:

– Мына жерде құрылыным деген жазу бар, айналайын деген жазу бар. Негізі өзім заманауи стильмен бұрынғы стильдің оюларын ұштастырғанды ұнатамын. Ал мына жерде өзім қатты ұнататын бұйымым бар. Бұл арқардың бейнесі. Бұл жерде арқарға қошқар мүйіздің оюын салдым. Себебі екеуін ұштастырғанда жақсы мағына деп ойладым. Ал мына жеріне қазақтың ұлттық әшекейін ілдім. Бұл жерде көгілдір түс, себебі аспанымыз ашық болсын дегендей, өзім ашық жарқын түстер қолданғанды ұнатамын.

Қамзол мен шапан да бұрынғыдай белгілі бір мерекеде емес, күнделікті кию трендіне айналды. Ал мектеп оқушылары мен мекеме ұжымдары жұма күні дәстүрлі түрде ұлттық киім киіп, мәдени мұраны кеңнен дәріптеп жүр.

Этнотауарлар шикізаттық емес өнімдердің қатарында. Олардың экспорты кейінгі 7 жылда екі есе өсіп отыр. Жыл басынан бері мемлекетіміздің әлем елдерімен шикізаттық емес тауарлар бойынша сауда айналымы 43 млрд доллардан асқан.

Авторлары: Альмира Оразбай, Нұрғали Мамурбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz