Апталықтың қорытынды күні "Тұмар" және "Үркер" ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен түйінделді.
Qazaqstan Media Awards жеңiмпаздарының арасында 24KZ телеарнасының тілшісі Назерке Тоқжан да бар. Оның авторлығымен ағза донорлығы туралы түсiрiлген "4379" деректі фильмі үздік атанды.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Биыл "Үркер" және "Тұмар" ұлттық сыйлықтары алғаш рет Qazaqstan Media Awards бірыңғай бренді аясында біріктірілді. Жаңа сыйлық екі премияның он жылдық кәсіби тарихын жалғастырып, телевизия, журналистика, радио, диджитал және жаңа медиаформаттарды біріктіреді. Мақсаты - медиамамандарды қолдау және марапаттау.
Ақпарат саласы қым-қуыт дамып жатқан кезде, түрлі технологиялар қосылып жатқан кезде, жасанды интеллект дендеп бара жатқан кезде журналистиканың болашағы қандай болар екен деген сұрақтардың аракідік болса да еститініміз рас. Бірақ дерек пен дәйекке сүйенген медиамаман қашан да сұранысқа ие. Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев медиа саласының дамуына тоқталды.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Тұмарға да, Үркерге де, сонымен қатар Астана Медиа Уикқа да биыл 10 жыл. 10 жыл деген оңай белес емес. Оған да жету керек. Менің ойымша, Қазақстан медиа саласының майталмандары бір керемет межеге үлкен жетістікпен жетті. Сондықтан бүгінгі кеш сіздердің қуаныштарыңыз. Бәрі құтты болсын.
Елде 4 мыңнан астам адам ағза трансплантациясын күтіп жүр. Олардың 125-і балалар. Жыл сайын 350-ден астам науқас қажетті донорлық органды күтпей көз жұмады. Трансплантология – медицинаның күрделі бағыттарының бірі. Бұл салада адам өмірі мен тағдырына қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Міне осы түйткіл жөнінде түсірілген "4739" атты деректі фильм өз номинациясында үздік атанып, Тұмар сыйлығын жеңді.
Назерке Тоқжан, "4739" деректі фильмінің авторы:
- "Тұмар" бұл тұғыры биік марапат. Осынау кәсіби байқауда топ жару біз үшін үлкен мәртебе. Әрине деректі фильм бір ғана адамның шығармашылығынан тұрмайды. Мұнда ұжымның үлкен әрі үйлесімді жұмысы жатыр. Сондықтан кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсеткен барша әріптесімді ортақ жеңісімен құттықтаймын. Шын мәнісінде "4739" деген фильм ағза донорлығы жайлы. Қазіргі таңда бұл тақырып қоғамда ашық талқылана бастады. Енді біз бүгінгі кішігірім жеңісімізді диализде емін күтіп жүрген барша науқастардың, аса рухты жандардың құрметіне арнағымыз келеді.
Жоба жетекшісі Мәншүк Саиф, режиссері Берік Шарав. Режиссердің айтуынша, фильмді түсіру және бейнематериалдарды өңдеу жұмыстарына шамамен бір жарым ай уақыт жұмсалды. Бүгінде деректі фильм қысқа мерзім ішінде біршама қаралым жинап, өз көрерменін тапты.
Берік Шарав, "4739" деректі фильмінің режиссері:
- "4739" фильмінің ең басты көтеріп отырған мәселесі - бұл Қазақстандағы ең бір маңызды және көлеңкеде қалып қоятын мәселелердің бірі. Трансплантология, донорлардың жоқтығы. Бұл мәселелерді уақытылы көтердік деп ойлаймыз. Және соның нәтижесі деректі фильм өздерінің көрерменін тапты. Бұл актуалды тақырып болғандықтан осындай премияға да өтіп жатырмыз.
Айта кеткен жөн, Qazaqstan Media Awards байқауына 600-ден астам өтінім түскен. Жеңімпаздар 12 аталым бойынша марапатталды.
Авторы Мирлан Алтынбек
Тегтер #Astana Media Week 2026 #4739 деректі фильмі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz