Жамбыл облысында жыл басынан бері белгіленбеген жерге қоқыс тастаған 19 мың адам жауапқа тартылды. Құқық бұзғандарға 25 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен рейд ұйымдастырып жатыр.
Тәртіп сақшылары бүгінгі рейд барысында жеке тұрғын үйлердің маңы мен кәсіпкерлік нысандардың аумағын тексерді. Полицейлердің сөзінше, әсіресе қоғамдық тамақтану орындары мен автокөлік жөндеу орталықтарының айналасында қоқыс тастау дерегі жиі кездеседі. Тексеру барысында қалдығын көшеге тастаған бірнеше кәсіпкерлік нысан анықталды. Жалпы жыл басынан бері облыста 19 мыңнан астам осындай құқықбұзушылық тіркелген.
Еркебұлан Ибрагим, облыстық Полиция департаменті басқармасының аға инспекторы:
– Рейдтік іс-шара барысында сауда орталығын, бизнес орталықтарын, қоршаған ортаны ластаған азаматқа ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 434-бабының 2-тармағы бойынша бірінші жолға әкімшілік хаттама көзделген. Ол жерде 10 АЕК айыппұл салынады, яғни ол – 43 мың теңге. Ал егер де ол азамат қайталаса, 20 АЕК айыппұл көзделген.
Өңірде тазалықты сақтауға үлес қосып жүрген тұрғындар да аз емес. Мәселен, биыл экологиялық шараларға 7 мың жас қатысқан. Жыл басынан бері 1210 шақырым арық жүйесі тазартылып, 800 мың шаршы метр саябақ аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Смат Құнанбайұлы, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері сенбіліктерге 130 мыңнан аса тұрғын қатысты. 2500 кәсіпорын және жастар волонтерлері тұрақты түрде қатысып келеді. Атқарылған жұмыстар аясында көктем және күз айларында 50 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар 19 мыңнан аса қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Қайрат Наурызбаев, қала тұрғыны:
– Көшемізді таза ұстап, мемлекетіміздің дамуына үлес қосайық. Бұл – бір әкімшіліктің немесе бір учаскелік полиция инспекторының ғана мойнындағы міндет емес. Бұл – бүкіл Қазақстан тұрғындарының ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» болғандықтан, әрқайсымыз көшелерімізді таза ұстап, тазалыққа үлес қосайық.
Экологиялық мәселелерді жедел шешу үшін өңірде «Таза Қазақстан» жобасы аясында Telegram-бот іске қосылған. Тұрғындар қоқыс үйінділері мен абаттандыруға қатысты мәселелерді осы арна арқылы хабарлай алады. Жыл басынан бері чат-ботқа 826 өтініш түсіп, оның 800-і шешімін тапты. Ал тәртіп сақшылары: «Профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады», – дейді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #24KZ #Жамбыл ПД #Жамбыл облысы #қоқыс мәселесі #жазалау #Таза Қазақстан #рейдPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz