RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі жаңғыртылып жатыр

17.10.2026, 09:50 46

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі қайта жаңғыртылып жатыр. Біраз уақыттан бері тарихи нысанның күмбезі темір жабынмен қоршалып, реставрация жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар күмбездің бүлінген кірпіштерін қайта қалпына келтіріп, қабырғаларын бекітуде. Басты мақсат – көне кесененің бірегей сәулеттік келбетін бұзбай, тарихи қалпын сақтау.

Қазір кесене күмбезі көк қаңылтырмен жабулы тұр. Себебі жылдар бойғы жауын мен жел, ыстық пен ылғал тарихи жәдігердің мінсіз ақталуына кері әсерін тигізбей қоймады. Қазір оны қалпына келтіру ісімен айналысып жүргендердің бірі – Нұрғали Имажанов. Ол күні бойы мониторға телміріп, күмбездің әр бөлшегін қолмен сызады. «Мұнда шатасып, мүлт кетуге болмайды. Өйткені бір қателік жылдар бойғы еңбекті еш етуі мүмкін», – дейді. Мамандар күмбез қабырғасының әр бұрышын суретке түсіріп, нөмірлеп қойған. Тіпті гипстен көшірмесін де жасапты. Мұндай тәсіл жұмысты жеңілдетіп, бүлінген бөліктерді айқындауға мүмкіндік беретінін айтады.

Нұрғали Имажанов, жобаның бас архитекторы:

– Біз мамандарды жоғарыға шығара алмаймыз, өйткені ол жерде адам жүре алмайды. Сондықтан сталактиттердің 10–15 қатарының қағаздан, папье-машеден үлгілерін жасадық. Жоғарыдан алынған үлгілердің негізінде құймаларды осында дайындап, 23-ші және 13-ші қатарларды жасап қойдық. Ертең мамандар келгенде, жұмыстарды жоғарыда емес, алдымен осы жерде пысықтауымыз керек. Барлық тәжірибелік жұмыстарды осында, макеттер арқылы жүргізуіміз қажет.

Күмбезді қайта қалап шығуға 50 мың кірпіш керек. Ол Түркістанда күйдіріліп, дайындалады. Оған «Қазқайтажаңарту» мекемесінің өңірлік филиалы жауапты. Орталық басшысы Қанат Тұяқбаев 50 жылда елдегі үш жүзден астам тарихи-мәдени ғимаратты сақтап қалуға атсалысқан. «Алдағы төрт жылда кесенедегі жұмыстар толық аяқталады», – дейді.

Қанат Тұяқбаев, «Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан филиалының директоры:

– Бұл жерде тек күмбезді жөндеу жұмыстары ғана емес, шатыр жабынын, күмбездің ішкі бөлігін және 35 бөлмені толық қалпына келтіру жұмыстары да бар. Сонымен қатар сталактиттерге инъекция жасауымыз керек. Жарықшақ пайда болған жерлердің барлығын анықтап, оларға инъекция жасап, құрылымның беріктігін арттыруымыз қажет.

Күмбезге Сауранның торқа топырағынан жасалған кірпіш қолданылады. Саз балшықты илеу, күйдіру, кептіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Мамандар оның біреуін дайындауға 18 тәулік кететінін айтады. Түпнұсқадағы бедерлерді қолмен ойып, құрамында жеті түрлі қоспасы бар бояумен сырлап шығады. Бұл технология зерттеушілердің дәлелденген тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Ал көгілдір қыштардың сетінеп, ылғал тарта бастағанын кесенедегі мониторинг орталығы әуелден-ақ анықтаған. Олар төрт мезгілдегі ауа райын да назарда ұстайды. Соның арқасында кесененің өңделетін тұсы тез арада анықталып, зерттеледі.

Сәдуақас Ағытаев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы сәулеттік реставрация бөлімінің басшысы:

– Ауаның өзгерістерін бақылап отыратын үлкен құрылғыларымыз бар. Одан бөлек, әрбір бөлменің ішіне қойылған құрылғылар бар. Жүзден асады. Олардың бәрі кесененің ішінде болып жатқан бүкіл өзгерістерді, жылу-ылғалдық жүйесін қадағалап отырады. Оның барлығы мониторинг орталығындағы компьютерге келіп түседі. Түскен деректер сызбаға айналады. Ол арқылы қандай өзгерістер қалай әсер етіп жатқанын бағалап отырамыз.

Мамандар 10-15 жыл сайын жөндеуден өтетін кесененің тарихи қалпын сақтап қалудың жалғыз жолы – реставрация екенін айтады. Биыл қазандық, үлкен және кіші Ақсарай, мешіт бөлмелері мен төрт дәліз толық әрлеуден өтеді. Зиярат етуге келетін жұрт енді көп ұзамай Тайқазанды жақыннан көре алады. Кезең-кезеңімен жөнделіп жатқан кесененің артында ғалымдардың тынымсыз еңбегі, тарих пен келешек алдындағы үлкен жауапкершілігі тұр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz