Павлодарлық Саид Сағындықов ағаш өңдеудің ерекше әдістерін қолданады. Көшпелі тұрмыс иірімінде шыңдалған ата-баба мұрасы уақыт сүзгісінен сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Шебер көне өнердің қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп жүр.
Саид Сағындықовтың жұмысы көне бұйымдарды қалпына келтірумен шектелмейді. Ол үшін әр заттың қалай жасалғанын, қандай материал пайдаланылғанын білу маңызды. «Өйткені көшпенділердің көне қолөнері тұтас бір өмір сүру философиясы», – дейді. Сондықтан шебер қазақ мәдениетіне тән төл бұйымдарды жаңғыртып, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі технологияларды түлетеді.
Саид Сағындықов, қолөнерші:
– Көшпенді адам әуел бастан-ақ әмбебап болған. Оның жанында үнемі темір ұстасы, ағаш шебері немесе басқа бір маман жүрмеген. Сондықтан ол күнделікті тұрмыста туындаған мәселелерді өз күшімен шешуге мәжбүр болған. Әрине, ол кездегі бұйымдар аса көркем дүниелер болмағанымен, тұрмысқа қажетті міндетті атқарған. Бұл – тіршілікті қамтамасыз етуге бағытталған мәдениет.
Бүгінде уақыт үнемдеуді көздеген қоғам көне технологиялардың мәні мен маңызын естен шығарып барады. Ал Саид Сағындықов ата-баба аманатына адалдық танытып, дәстүрлі әдістерден айнымайды. Өйткені ол үшін шикізатты таңдаудан бастап, оны өңдеудің әрбір кезеңіне дейінгі жұмыстың бәрі маңызды.
Саид Сағындықов, қолөнерші:
– Мен ағашты бала кезімде үйренген әдіспен дайындаймын. Міндетті түрде күзде, бойындағы сөлі қайтқан кезде кесу керек. Содан кейін оны кептіреді. Кем дегенде бір қыс бойы сол күйінде жатуы қажет. Одан соң тұзды суға қайнатады. Сонда ағаштың бойында қалған сөл мен тұз сіңіп, сүрек қатая түседі. Қайнатқаннан кейін де оны жаз бойы бастырма астында кептіру керек. Тек бір жылдан соң, оған қажетті пішін беруге болады.
Шебердің бірегей тәжірибесі бүгінде жоғары бағалануда. Саид Сағындықов Павлодар облыстық Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлерді қалпына келтіріп, оларға екінші ғұмыр сыйлайды. Көне мұраны жаңғырту жас ұрпақтың да қызығушылығын оятып отыр.
Арман Әлияқпаров, Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:
– Бүгінде жастардың ұлттық мәдени құндылықтарды жаңғыртуға деген қызығушылығы артып келеді. Олар археологиялық қазба жұмыстарына, экспедицияларға, музей жобаларына қатысады, тарихи ескерткіштерді зерттейді. Ең бастысы, жастардың мұндай жұмыстарға ықыласпен, үлкен қызығушылықпен атсалысуы қуантады.
Жас ұрпақтың бұл қызығушылығы қазірдің өзінде нәтижесін берген. Саид Сағындықовтың шәкірттері ағаш пен металды өңдеудің байырғы тәсілдерін меңгеріп, ұмыт бола бастаған шеберлік үлгілерін қайта жаңғыртуда. Осылайша, уақыт пен ұрпақты жалғаған алтын арқау үзілмей келеді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #24KZ #Павлодар #шебер #қазақ мәдениеті #Саид СағындықовPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz