Ақмола облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 16 млн түп көшет егілді. Осылайша, 3 мың гектарға жуық алқап жасыл желекке айналды. Өңірде экологиялық игі шаралар әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Көкшетау қаласында жаңа саябақ ашылып, оған 80 түп көшет отырғызылды. Эко-шара Республика күні қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Облыс орталығындағы жаңа саябақ «Бірлік» деп аталады. Оның да өзіндік негізі бар. Өйткені қазір өңірде 100-ден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Алёна Малькова-Солопова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– «Таза Қазақстан» акциясы өте маңызды. Себебі ол еліміздің экологиялық мәдениетін арттырады және нығайтады. Бұл қазақстандықтар үшін, жастар үшін өте маңызды іс-шара деп ойлаймын.
Экологиялық акцияда еріктілер де ерекше белсенділік танытты. Жастар қоршаған ортаны күтіп ұстаудың және экошараның маңыздылығын жақсы түсінеді.
Аяулым Дарханбек, студент:
– Бұл – «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің жаңаруына, яғни көркеюіне эко бастама. Бұл экологиялық акция тек бір күндік акция болып қалмауы керек. Ол әр адамның өзінен бастау алу керек. Яғни бір ауланы жинау, бір қоқысты орнынан көтеру бүкіл адамзаттың парызы болу керек.
Жалпы соңғы бес жылда өңірде 74 млн түп ағаш егілді. 11 мың гектар алқап көгалдандырылды. Көшет егу жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
– Келесі жылы тағы да 50 млн түп көшет өсіреміз. Сонда Ақмола облысында жалпы 150 млн түп көшет болады. Бұл — болашақта қалың орманға айналатын және даладан қалаға әкелініп отырғызылатын ағаштар. Жалпы, өздеріңіз де көріп отырғандай, қаламыз көркейіп келеді. Бұл — Президенттің бастамасы.
Айталық, жыл басынан бері өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында мыңнан астам экологиялық шара ұйымдастырылды. Оған 40 мыңнан астам адам жұмылдырылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #Таза Қазақстан #көшет егу #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz