RU
Толық нұсқаға өту

«Алтынемел» паркінде «Құландар мекені» фестивалі өтті

17.10.2026, 18:25 32

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Құландар мекені» фестивалі өтті. Табиғат пен туризмді ұштастырған іс-шара алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Көпшілік қолөнер көрмесін, тарихи танымдық және экологиялық сабақтарды тамашалады, деп хабарлайды 24KZ.


Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Шолақ тауының баурайында өтіп жатқан фестивальға шетелден және еліміздің әр аймағынан 500-ден аса адам келді. Олар Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған құландарды көз көрім жерден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Тұяқты жануардың тарихына тоқталар болсақ, бұл аймаққа 30-дан аса құлан 1982 жылы «Барсакелмес» қорығынан әкелініп, байырғы мекен еткен жеріне қайта жерсіндірілді. Содан бергі 44 жылдың ішінде олардың саны 100 есе өсіп, 3,5 мыңға жетті. Бұл тұтас Орталық Азия мемлекеттері бойынша ең көп тараған аймақ болып есептеледі.

Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» мұтп паркінің директоры:

– Былтыр 32 мың адам келіп кетті. Оның ішінде 11 мың адам шетел азаматтары. Онда айтып кеткендей, Қытай мемлекеті Индиядан, Кореядан, Еуропадан көп туристер келіп жатыр.

Джорж Купер, Ұлыбритания азаматы:

– Мен Қазақстанға екінші рет келіп отырмын. Бұл елдің табиғи ландшафты мен ұлттық мәдениеті ерекше. Ал халқы өте мейірбан. Мен өзімнің бейнежазбаларым арқылы әлеуметтік желідегі оқырмандарыма Қазақстанды жақынырақ таныстырамын.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Туристер үшін визит орталықтың аумағында батырлар шоуы, қолөнер көрмесі сынды ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар дәстүрлі әндеріміз шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Сан ғасырлық көне тарихымызды дәріптеу үшін петроглифтер салынған шатқалдарға саяхат жасалды. Және түркі жазуларымен таныстыру, экологиялық сабақ өткізілді. Ал жеңіл атлеттер 12 шақырымдық марафонда сынға түсіп өзара үздіктерін анықтады.

Мадияр Сейіт, жарыс жеңімпазы:

- Бүгінгі жарысқа қатысқаныма қуаныштымын. Бес шақырым жүгірдім. Бірінші орын алдым. 23 минутта келдім.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– «Алтынемел» ұлттық паркі құлан, қарақұйрық, барыс, аю, бүркіт сынды сирек кездесетін аң-құс, жабайы жануарларымен қатар қайталанбас табиғатымен де ерекшеленеді. Мұнда жел соққанда әуезді дыбыс шығаратын Айқайқұм, Марс ғаламшарына ұқсас Ақтау, жанартаудан түзілген Қатутауды көруге болады. Көне тарихымызбен тереңірек танысқысы келгендер «Басшатыр қорғандары» мен «Таңбалы шатқалы» ескерткіштерін тамашалай алады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz