Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын су қоймасы салынады. Ол көктемде келетін мол суды жинап қалуға, әрі тасқын қаупін сейілтуге мүмкіндік береді. Жоба жақында мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазір өңірдегі су ресурстарын басқару саласында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен биыл «Қазсушар» кәсіпорнына қарасты 1860 шақырым каналдың 200 шақырымы тазаланып, 18 су реттегіш қақпа орнатылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
– Біз қазір Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Казталов, Жаңақала аудандарына тіршілік нәрін тарататын Көшім каналының бойында тұрмыз. Былтыр осы өзеннің арнасы ені 30 метрге дейін кеңейтілсе, биыл өзеннің түбін тазалап, тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Көріп тұрғандарыңыздай, қуатты снарядтар өзен түбіндегі лай мен өлі топырақты жағалауға шығарып жатыр.
21 шақырымдық каналдың 8 шақырымы бұрын Киров су қоймасын жаңғырту кезінде тазаланса, биыл мердігер компания 6 шақырымды аршыды. Лай суды құюға жағалаудан 7 шұңқыр қазылды.
Марат Әлімбетов, учаске басшысы:
– Канал тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Каналдың ішінен шығарылған лай топырақ осындай шұңқырларға төгіледі. Әрбір 300 метр сайын осындай шұңқырлар қазылған. Олар топыраққа толтырылғаннан кейін қайта көміледі.
Канал арқылы Орал-Көшім суармалы-суландыру жүйесіне жылына Жайықтан 600 млн текше метрге дейін су беріледі. Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар қоймалары суға толады. 5 ауданның мал мен жанына, суармалы егіс алқаптарына тіршілік нәрі жеткізіледі. Шағанның тармағын қосқанда барлығы 61 шақырым арнаны аршу арқылы каналдың су өткізу қабілетін секундына 125 текше метрге арттыру көзделген. Жоба құны 2 млрд 200 млн теңге. Күні бүгін 1 млрды игерілді. Құрылыс биыл бітуі тиіс еді. Алайда бас мердігердің кінәсінен келесі жылға қалды.
Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚОФ директоры:
– Бұл канал 30 жылдай тазаланбаған. Су қатты келген кезде каналдан асып, айналаға жайылып кетеді. Соның салдарынан су шығыны көбейіп, суды уақытында алу мерзімі қысқарады, су деңгейі тез төмендейді. Біздің баланста жалпы ұзындығы 1860 шақырым болатын канал бар. Жыл сайын механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Былтыр 174 шақырым канал тазаланса, биылғы бүгінгі күнге дейін 200 шақырым тазартылды. Қазір жұмыстар жалғасып жатыр. Біздің мақсатымыз — тазаланған каналдардың ұзындығын 250–260 шақырымға жеткізу.
Су ресурстарын тиімді басқару үшін ауқымды жұмыстар жоспарланған. Соның бірі – Жалпақтал су қоймасының құрылысы. Аталған жобаны жүзеге асыру арқылы көктемгі тасқын қаупін сейілтуге, әрі жазғытұрым Қараөзенмен Ресейден тегін келетін суды жинап, жазда реттеп отыруға мүмкіндік туады.
Дархан Закарин, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
– Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі таңда жобаның құны 8 млрд 400 млн теңгені құрап отыр. Жобаның негізгі мақсаты — су қоймасында 28 млн текше метр суды жинақтау. Кейін суды реттеп, ауылдар мен аудандарға жіберу көзделген. Бұл, өз кезегінде, мал азығын қамтамасыз етуге де зор ықпал етеді. Қазіргі уақытта министрлікпен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтіп, мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар келешекте Деркөл өзенінің, Сарыөзеннің бойына су қоймаларын салу жоспарланған. Қазір бірінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда, екіншісінің жоба-сметалық құжаттары түзетіліп жатыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап
Тегтер #Жалпақтал #су қоймасы #қазсушар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz