RU
Толық нұсқаға өту

Қазақы тазының аңшылық қабілеті сыналды

18.10.2026, 08:00 32

Қазақы тазының жүйріктігі мен қарымы сынға түсті. Астанада Қазақстан кинологтар одағының ұйымдастыруымен өткен далалық сынақта 30 тазының аңшылық қабілеті бағаланды. 

Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың орыны бөлек. Ал жүйрік тазы баптау - атадан қалған аманат. Бүгінде осы дәстүрді жаңғыртып, қазақы ит тұқымдарын сақтауға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді. Соның бірі «Қазақы тазыны» ор қоянға салу сынағы. Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырған шара үшінші рет өтіп жатыр. Биыл далалық сынаққа 30 тазы қатысты.

Бақытжан Исахаев, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:

- Жақсы бал жинаған, өзін көрсете алған иттер ертеңгі күні әлемдік додаларда өз бақтарын сынайтын болады. Бұл шараның мақсаты елімізде ит асыраушыларды осындай шараларға қатыстырып, оларды қызықтыру. Негізі бұл иттер аңшылықа арналған иттер. Осыларды қазір қалалық жағдайда ұстайтындар бар. Осындай ит асыраушыларға мүмкіндік беру, дала сынағынан өткізу.

Далалық сынақта тазылардың сыртқы бітімі ғана емес, аңшылық қабілеті де бағаланады. Иттердің қуу қабілеті мен аңды иіс арқылы табуы тексеріледі. Тәжірибелі баптаушылар мен сарапшылар төрелік жасайды. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар қазақы тазылардың табиғи қасиетін сақтауға мүмкіндік береді.

Әділхан Түкенов, аңшылық сынақтың бас төрешісі:

- Бірінші бөлім барысында жылдамдығын, сосын аңға деген қызығушылығын, қасиеттерін анықтадық. Көзбен көріп, қуып жетіп алғаннан тыс, бұл ізбен қағып, иіскеп, аңды ұстайтын әмбебап. Екінші бөлігінде сол иіскеу, ізбен қағу қабілетін тексереміз. 

Сынаққа қатысушылардың бірі Данияр Малғожанов. Ол байқауға Сұңқар мен Айқасқа атты екі тазысын қосты. 14 жылдан бері ит ұстайтын ол, осы уақыт ішінде талай тұқымды бағып көрген. Алайда таңдауы қазақы тазыға тоқтаған. Айтуынша, бұл иттердің иесіне адалдығы мен аңшылыққа бейімділігі ерекше. 

Данияр Малғожанов, тазы асыраушы:

- Бұл тазының өзінің керемет иесіне адалдығы, аңға құмарлығы жақсы, артық мінездері жоқ. Енді орынға ілігеміз деген үміттеміз. Мынау сұңқар деген, мынау Айқасқа. Сұңқар биыл полевое испытаниядан чемпион болған. Биыл енді, Құдай қаласа, көреміз. 

Қазақы тазы - халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген асыл мұрасы. Бүгінде осы құндылықты көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа қалдыру міндеті тұр. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта сынақты өзге өңірлерде де өткізуді көздеп отыр.

Авторы Дана Қайратқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz