RU
Толық нұсқаға өту

Тәуелсіздік алғалы ел экономикасы төрт жарым есе өскен

18.10.2026, 21:25 35

Кейінгі жеті жылдың өзінде жалпы ішкі өнім бір жарым есе ұлғайып, 15 мың долларға жетіп отыр. Ал экономикамыз 306 млрд долларды межеледі. Ресми статистика өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салалары дамудың негізгі драйвері атанғанын көрсетіп отыр. Нәтижесінде шағын және орта бизнес саласындағы жұмыс орындары 37 пайыз көбейді. Сонымен қатар ел дамуына инвестициялар да сүбелі үлес қосып отыр, деп хабарлайды 24KZ.


Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 700 доллардан сәл асатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 15 мыңға жетті. Сонымен қатар тоғыз жарым млн адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал кәсіпкерлік нысандар саны екі млн-ға жуықтады. Кейінгі жеті жылда кәсіпкерлерді қолдауға 10 трлн-нан астам теңге бағытталған. Бұл қаржы мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өмір сапасы да артып келеді. Тәуелсіздік жылдары халық саны 16 млн-нан 20 млн 500 мың адамға жуықтады. Құрылыс қарқын алып, 30 жылда мыңдаған шақырым автомобиль және темір жолдары салынды. Сыртқы сауда да дамып келеді. 1991 жылдан бері оның көлемі 16 есе өсті. Биыл сегіз айдағы көрсеткіш – 103 млрд доллар. Ал экспорт көлемі 20 пайызға жуық өсті. Бұл – импорттың қарқынынан төрт есе жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанның экспорт көлемі 60 млрд доллардан астам, импорты 42 жарым млрд доллар болды.

Жанат Нұрғалиев, экономист:

– Бұл әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты. Мұнай, металл және уран бағасы өсіп келеді. Бұлар — біздің экспортымыздың 80 пайызын құрайтын негізгі тауарлар. Сондықтан экспорт көлемі артып отыр. Ал импорт көлемі дәл осындай қарқынмен өскен жоқ. Соның нәтижесінде теңге нығайып келеді. Сонымен қатар экономикамызда жаңа бетбұрыс байқалып отыр. Қазақстан бұрын негізінен шетелге шикізат экспорттап келсе, енді экспорт құрылымына ІТ қызметтері мен ауыл шаруашылығы өнімдері де қосылып жатыр. Яғни, біз өңделген тауарларды да экспорттай бастадық. 

Кейінгі жылдары шетелдік компаниялар Қазақстан экономикасына 150 млрд-тан астам теңге құйды. Олар елдегі өнеркәсіп, көлік, байланыс және қаржы салаларына қызығушылық танытып отыр. Бұл елімізді инвестиция тарту бойынша өңірдегі көшбасшыға айналдырды. «Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстануы шетелдік кәсіпкерлерді қызықтырады», – дейді сарапшылар.

Ерсұлтан Жансейітов, саясаттанушы:

– Халықаралық аренада Қазақстан дербес саясат ұстанатын ел ретінде танылып келеді. Оны еліміз іспен де дәлелдеп отыр. Яғни Қазақстан әлемдегі өзекті мәселелерге үн қосып қана қоймай, өзі де бастамашылық ете бастады. Бұл кез келген мемлекетпен саяси, экономикалық байланыс орнатуға дайын екенін көрсетеді.

Сонымен бірге Қазақстан қосымша құны жоғары өнімдер экспортын да ұлғайтты. Қазір күнбағыс майы, ұн және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін шетке белсенді сатып отыр. Бұл статистика жаңадан ашылған ондаған кәсіпорын, жүздеген жұмыс орны арқылы мыңдаған адамға мүмкіндік берілгенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан экономиканы дамытуды, сауда байланыстарын кеңейтіп, инвестиция тартуды жалғастырып келеді. «Бұдан кейін еліміз жаңа технологияларды енгізуге, өндірісті дамытып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық береді», – дейді мамандар.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Артем Грапов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz