Қазақстанда 2026 жылғы қараша мен 2027 жылғы наурыз аралығында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болады деп күтіледі, деп хабарлайды «24KZ».
Қарашада ауа температурасы климаттық нормадан 2°C жоғары болып, жауын-шашын мол түсуі ықтимал. Қыс мезгілінде де елдің басым бөлігінде температура нормадан жоғары болады деп болжануда. «Қазгидрометтің» консультативтік маусымдық болжамына сәйкес, қараша айында Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, қар және жаңбыр аралас қар жауады. Солтүстік пен шығыс өңірлерде айдың басын қоспағанда, негізінен қар күтіледі. Жауын-шашынның көп мөлшері солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында болжанып отыр.
Сонымен қатар еліміздің басым бөлігінде тұман, көктайғақ пен екпінді жел болуы мүмкін. Солтүстік жартысында бұрқасын күтіледі.
Қарашаның басында солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 0…+5°C-қа, күндіз +5…+16°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде +5…+15°C, күндіз +15…+25°C күтіледі. Ал батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура -7°C-қа дейін төмендеп, күндіз 0…+5°C шамасында болады. Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы құбылмалы болады деп болжануда. Кей күндері солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі аяз −10…−18°C-қа дейін жетуі ықтимал.
Жауын-шашын мөлшері қарашада республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады. Ал солтүстік, солтүстік-батыстың бір бөлігі, шығыс өңірлер, Алматы облысының оңтүстік-шығысы мен Жетісу облысында нормадан жоғары болуы мүмкін.
Консультативтік маусымдық болжамға сәйкес, 2026–2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы, атмосфералық жауын-шашын мөлшері орташа болады деп күтіледі. Сонымен қатар елдің солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін.
Республика аумағының кей жерлерінде бұрқасын, желдің екпінді соғуы болжанады. Сондай-ақ көктайғақ құбылыстары мен тұман болуы ықтимал. Қыс бойы ауа температурасының күрт құбылуы да болжанып отыр. Бұл қар жамылғысының ішінде мұз қабатының түзілуіне ықпал етуі мүмкін.
Желтоқсанда республиканың барлық аумағында орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2°C жоғары болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормаға жуық болғанымен, солтүстік, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыстың бірқатар өңірлерінде нормадан жоғары болуы ықтимал. Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын аз түсуі мүмкін.
Қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°C жоғары болады. Ал батыс және солтүстік-батыс өңірлердің бірқатарында температура норма шамасында сақталуы ықтимал. Жауын-шашын мөлшері негізінен нормаға жуық болады. Батыс Қазақстанның оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысы мен Маңғыстау облысында жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Оңтүстік өңірлердің бір бөлігінде, керісінше, жауын-шашын аз түседі деп болжануда.
Ақпанда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-3°C жоғары болады. Алайда солтүстік пен шығыстың кейбір аудандарында, соның ішінде Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысында, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде ауа температурасы қалыпты болуы мүмкін. Ал батыс өңірлердің көпшілігінде жауын-шашын климаттық норма шамасында болжанса, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында нормадан төмен болуы ықтимал.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #Қазгидромет #қыс #ауа райыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz