RU
Толық нұсқаға өту
@qr_tjm

Тікұшақ тізгіндеген ару

19.10.2026, 09:39 41

Бүгін Қазақстанда өз өмірін қатерге тіге жүріп, өзгелердің өмірін арашалайтын төтенше жағдайлар қызметкерлері – құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Осындай жауапты да қауіпті саланың жүгін тең көтеріп жүргендердің бірі – ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару»  тікұшақтарының екінші ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова. Бала күнгі қиялын қанатына байлаған кейіпкеріміз көк аспанды бағындырып қана қоймай, қиын сәтте қол ұшын созатын қаһарман мамандық иесі атануды мақтан тұтады. 24.kz тілшісі мереке қарсаңында нағыз ерлерге тән мамандықты таңдаған нәзік жанды ұшқышпен сұхбаттасып, оның кәсіби жолы мен тыныс-тіршілігіне үңілген еді.

Ұшқыш болуды жетінші сыныптан бастап армандадым. Мектепті аяқтаған кезде болашақ мамандығымды таңдауда еш күмәнданған жоқпын. Осылайша, авиация саласында білім алып, Азаматтық авиация академиясын үздік тәмамдадым, – дейді Бибіхан Давлетбаевна.

2021 жылы ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-да еңбек жолын бастаған жас маман содан бері адам өмірін сақтауға бағытталған жауапты қызметтібый абыроймен атқарып келеді. Оның айтуынша, авиацияға келуіне бала күнгі қызығушылығы мен қалаларды биіктен көру арманы түрткі болған. Алғашқы ұшуынан алған әсері әлі күнге дейін жадында.

ТЖМ авиациясының қызметі тек қана ұшумен шектелмейді. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және санитарлық авиация арқылы шалғайдағы науқастарды шұғыл тасымалдау. Мұндай күрделі міндеттерді орындау ұшу экипажынан жоғары кәсібилікті, темірдей тәртіпті, мінсіз дайындықты және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды талап етеді.

Әр ұшу – өз алдына үлкен жауапкершілік. Әр рейсте сен тек өзің үшін емес, борттағы жолаушылар үшін де жауап бересің. Кей сәттерде ауа райының қолайсыздығына немесе шұғыл жағдайларға байланысты саналы түрде жылдам шешім қабылдауға тура келеді. Бірақ ондай кезде эмоцияға берілмей, тек білім мен кәсіби дайындық көмектеседі, – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Бүгінде ТЖМ авиациясында қызмет ету – Бибіхан үшін тек жұмыс емес, өмірінің мәні. Таңдаған мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік пен алға қойған асқақ мақсаттары оған қанат бітіріп келеді. Ал артындағы отбасы мен жақындарының сенімі – оның ең басты тірегі әрі жігері.

Бибіхан Тұрысбекованың өмір жолы – бала күнгі арманға адалдықтың, ал оның күнделікті қызметі – ел игілігі мен адам өмірі үшін жасалатын ерліктің жарқын көрінісі. Көк жүзінде қиындыққа қарсы тұрып, қауіптің ортасына қанат қағатын нәзік жанды ұшқыштың бұл таңдауы өскелең ұрпаққа нағыз патриотизм мен жауапкершіліктің үлгісі бола алады. Кәсіби мерекеде ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген барлық құтқарушылардың еңбегі әрдайым ақталсын!

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz