ТЖМ бөлімшелерінде 324 отбасылық жұп қызмет етеді. Олар үшін жауапкершілік, өзара қолдау және мамандыққа адалдық ортақ өмірлік құндылықтарға айналған, деп хабарлайды «24KZ»
Карелиндер отбасы: ортақ мамандық және спорттық мінез

Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөлімінде Дмитрий мен Луиза Карелиндер қызмет етеді. Дмитрий бөлімше командирі болып жұмыс істейді. Оның мамандығы жоғары физикалық төзімділікті, жылдам әрекет етуді және командамен үйлесімді жұмыс істей білуді талап етеді. Қызметтен тыс уақытта ол жүгірумен айналысады, марафондарға және өрт-құтқару спорты бойынша жарыстарға қатысып, аталмыш сайыстарда бірнеше рет жүлделі орындарды иемденіп, жеңімпаз атанған.
Луиза бұған дейін радиотелефонист болып жұмыс істеп, жедел ақпаратты қабылдау мен жеткізуді қамтамасыз еткен. 2024 жылы ерлі-зайыптылар шаңырақ көтерді. Қазір олар кішкентай қыз тәрбиелеп отыр. Луиза бала күтіміне байланысты демалыста. Олардың қызметтік міндеттері әртүрлі болғанымен, ұстанатын құндылықтары ортақ. Олар – жауапкершілік, өзара көмек және адамдарға қол ұшын беруге әрдайым дайын болу. Ал бүгінде қызметтен тыс уақытта ерлі-зайыптылардың басты міндеті – қыздарына қамқорлық жасап, отбасына көңіл бөлу.
Нұровтар отбасы: адамдарға қызмет ету және отбасылық құндылықтар

Азаматтық қорғау органдарындағы қызметті өмірлік таңдауы еткен тағы бір отбасы - Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде еңбек ететін Толыбек Нұров Гүлмира Тұрғанбаева.
Толыбек Нұров өрт сөндіруді ұйымдастыру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының кезекші өрт сөндіру қызметінде жедел кезекші болып қызмет атқарады. Оның жұмысы оқиғаларға тұрақты дайындықты, жинақылықты және уақыт тапшылығы жағдайында шешім қабылдай білуді талап етеді.
Гүлмира Тұрғанбаева - Жоспарлау және жедел басқару орталығының ұйымдастыру және ақпараттық-талдау жұмыс тобының бас маманы. Оның қызметінде бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыруға қажетті ақпаратты дайындау мен өңдеу кезінде мұқияттылық, жауапкершілік және дәлдік маңызды рөл атқарады.
Кәсіби міндеттерінің артында үлкен әрі тату отбасы тұр. Ерлі-зайыптылар төрт қыз тәрбиелеп отыр. Олар жауапты қызмет пен жақындарына қамқорлық жасауды қатар алып жүруге тырысады. Бір-біріне қолдау көрсету күнделікті міндеттерді атқаруға және отбасындағы жылылықты сақтауға көмектеседі.
Құрманбаевтар отбасы

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет арқылы табысып, бүгінде ТЖМ жүйесінде қаланың қауіпсіздігі жолында бірге еңбек етіп жүрген отбасылар бар.
Ержан Құрманбаев пен Арайлым Темірбекованың тарихы 2007 жылы Алматы қаласындағы № 3 өрт сөндіру бөлімінде басталған. Сол кезде қызмет барысында танысқан әріптестердің арасындағы сыйластық уақыт өте келе берік отбасылық одаққа ұласты. Бүгінде азаматтық қорғау подполковнигі Ержан Құрманбаев Әуезов ауданының Төтенше жағдайлар басқармасын басқарады, ал азаматтық қорғау капитаны Арайлым Темірбекова Алматы қаласы ТЖД Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы болып қызмет атқарады.
Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отыр. Кіші ұлдары да әкесінің жолын жалғастыруды ойластырып жүр. Осылайша, бір кездері екі әріптесті табыстырған қызмет олардың отбасы тарихының ажырамас бөлігіне айналып, болашақта жаңа кәсіби әулеттің қалыптасуына негіз болуы мүмкін.
Әзімбаевтар отбасы

Отбасы отағасы - Шынболат Әзімбаев, азаматтық қорғау подполковнигі, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі.
Қызмет жылдарында ол Байзақ және Қордай аудандарының өрт сөндіру бөлімдері мен басқармаларында түрлі лауазымдарда еңбек етіп, көптеген өрттер мен аварияларды жоюға қатысты. 2025 жылы ерлігі мен батылдығы үшін Президенттің қолынан С. Нұрмағанбетов атындағы «Айбын» І дәрежелі орденімен марапатталды.
Жұбайы Жадыра Көбеева екеуі 15 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеп отыр: Мейірім, Айзере, Еркежан және Нұркелді. Жадыра да азаматтық қорғау саласында қызмет етеді. Ол Жамбыл облысы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының өрт байланыс орталық пунктінің диспетчері қызметін атқарып, өрттер мен төтенше жағдайлар кезінде үйлестіру және жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Құтқарушылар отбасы - қызметке деген адалдықтың, өзара қолдау мен отбасылық құндылықтардың жарқын үлгісі. Олардың өмір жолы құрметке лайық әрі өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Бұл отбасылар үшін ТЖМ-дегі қызмет - жай ғана жұмыс емес, саналы таңдау мен адамдар алдындағы жауапкершілік. Ал үйде әр кезекшіліктен кейін аман-есен оралуын күтетін ең қымбат жандары бар. Отбасылық жұптардың тарихы құтқарушылардың адамдарға көмек көрсетуге дайындығының негізінде кәсіби даярлық пен қайсар мінез ғана емес, сонымен қатар сенімді тірек – жақындарының сүйіспеншілігі, сенімі мен қолдауы жатқанын көрсетеді.
Тегтер #ТЖМ #отбасылық жұп #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz