RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақстанда құтқарушы мамандығын бірнеше ұрпақ жалғастырып келеді

19.10.2026, 12:44 35

Қазақстанда төтенше жағдайлар қызметінде бірнеше буын өкілдері еңбек етіп келе жатқан отбасылар бар. Олардың кейбірінің жалпы еңбек өтілі бір ғасырдан асады. Әкелерінің жолын таңдаған ұл-қыздары мен немерелері өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Мұндай отбасылар туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Министрлік мәліметінше, құтқарушы мамандығы батылдықты, жанқиярлықты және кез келген уақытта көмекке келуге дайын болуды талап етеді. Сондықтан бұл саладағы отбасылық дәстүрдің маңызы зор. Аға буын кейінгі ұрпаққа кәсіби тәжірибесін жеткізіп қана қоймай, жауапкершілік пен мамандыққа адалдықтың үлгісін көрсетеді.

Қарабалиндер әулеті: қауіпсіздік саласындағы ғасырлық тәжірибе

Қарабалиндер отбасының өкілдері қауіпсіздік саласында 100 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Әулеттің негізін қалаушы Алдаберген Қарабалин өртке қарсы қызметке 34 жылдан астам ғұмырын арнаған. Ол Екібастұз қаласындағы қарауыл бастығынан Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарына дейінгі қызметтік жолдан өтті. 2009 жылы азаматтық қорғау полковнигі атағымен зейнетке шықты.

Оның інісі Шоқан мен қарындасы Аягөз де өрт сөндіру қызметінде еңбек еткен. Бүгінде отбасылық дәстүрді Алдабергеннің ұлы Есенжол Қарабалин жалғастырып келеді. Ол 2003 жылдан бері өртке қарсы қызметте жұмыс істейді және Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №5 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы қызметін атқарады.

Есенжол Қарабалин ірі өрттерді сөндіруге бірнеше рет қатысқан. Сонымен қатар ол өрт-құтқару спорты бойынша спорт шебері.

Нүкішевтер әулеті: тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан

Нүкішевтер отбасының тарихы да өртке қарсы қызметтің қалыптасуы мен дамуымен байланысты. Сейтжан Нүкішев азаматтық қорғау жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қатардағы қызметкерден облыстық өртке қарсы қызмет басшысына дейін көтерілген. Оның жұбайы Роза да осы салада 30 жыл жұмыс істеп, қызметтің жауапкершілігі мен қиындығын бірге бөліскен.

Қазір отбасылық жолды ұлы Нұрлан Нүкішев жалғастырып келеді. Ол Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы қызметін атқарады. Ата-анасының көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби ұстанымы кейінгі буынның қалыптасуына негіз болған.

Еңсебаевтар әулеті: әке жолын таңдаған ұл

Марат Еңсебаев өртке қарсы қызметтегі еңбек жолын 1997 жылы бастаған. Өрт сөндірушіден Есіл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Оның басшылығымен бөлім жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2012 жылы «Үздік төтенше жағдайлар бөлімі» республикалық байқауында бірінші орын иеленді.

Әкесінің жолын ұлы Жасұлан да таңдаған. Қазақстан Қарулы күштеріндегі қызметін аяқтағаннан кейін ол өрт сөндірушілер қатарына қосылды. Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында жоғары білім алған Жасұлан кәсіби білімін жетілдіріп, отбасылық дәстүрді жалғастырып келеді.

Камиевтер әулеті: өрт сөндірушілердің үш буыны

Камиевтер отбасының өкілдері де бірнеше ұрпақ бойы өртке қарсы қызметте еңбек еткен. Әулеттің негізін қалаған Рапиголла Камиев 1972–1985 жылдары осы салада қызмет атқарған.

Оның ұлы Талғат Алматы өрт-техникалық училищесін тәмамдап, қарауыл бастығынан өрт сөндіру бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Ішкі қызмет майоры атағымен зейнетке шықты. Қызы Салтанат та өртке қарсы қызметте радиотелефонист болып 24 жыл жұмыс істеген.

Қазір отбасылық дәстүрді немересі, азаматтық қорғау майоры Қуанбек Камиев жалғастырып жүр. Ол №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Қызмет барысында өрттерді сөндіруге қатысып, кәсібилігімен және қарамағындағы қызметкерлерге қамқорлығымен танылған.

Шайкрамовтар әулеті: ерлік пен батылдықтың өнегесі

Анвар Шайкрамовтың өмірі өртке қарсы қызметпен тығыз байланысты. Ол «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Балалар интернатындағы өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, қызметіне қайта оралған.

Анвар Шайкрамов пен өртке қарсы қызмет ардагері, жұбайы Елизавета бес бала тәрбиелеп өсірген. Олардың ұлы Закир Жамбыл облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

Әулеттің кәсіби дәстүрін немерелері Руслан, Мансұр және Назира жалғастырған. Солардың бірі Мансұр Шайкрамов өртке қарсы қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп, бүгінде Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары қызметін атқарады.

Ережеповтер әулеті: әкеден қызына жалғасқан қызмет

Уәлихан Ережепов Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жүйесін жиырма жылдан астам уақыт басқарған. Көпжылдық еңбегі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол жас мамандарды даярлауға да елеулі үлес қосқан.

Әкесінің кәсіби жолын қызы Эльмира Ережепова жалғастырды. Өрт қауіпсіздігі саласында білім алған ол азаматтық қорғау полковнигі атанып, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған.

Бұл әулетте еңбекқорлық, адалдық пен жауапкершілік бала кезден бойға сіңірілген. Отбасындағы осы құндылықтар Эльмираның мамандық таңдауына да әсер еткен.

Жарылғасыновтар әулеті: әке мен бала бір гарнизонда қызмет етеді

Қанат Жарылғасынов азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2006 жылы өрт сөндіруші болып бастаған. Кейін арнайы оқу орнын тәмамдап, офицер атанды. Қазір Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Боровской ауылында орналасқан №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарады.

Әкесінің үлгісі үлкен ұлы Бахдиярға да әсер еткен. Ол ТЖМ Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, бүгінде Қостанай облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасында аға лейтенант болып жұмыс істейді.

Бұл отбасы үшін құтқарушы мамандығы – жай ғана жұмыс емес, адамдар алдындағы жауапкершілік пен көмекке әрдайым дайын болу. Әке мен бала бір гарнизонда қызмет етіп, ортақ кәсіби дәстүрді жалғастырып келеді.

Кажкеновтер әулеті: төтенше жағдай туралы алғашқы хабарды қабылдайтын мамандар

Азамат пен Ләззат Кажкеновтер Қазақ КСР ІІМ оқу орталығында білім алып жүрген кезінде танысқан. Азамат өртке қарсы қызметте 28 жыл еңбек етіп, өрт сөндірушіден Ақмола облысы ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің «112» бөлімшесі бастығына дейінгі жолдан өткен.

Ләззат Кажкенова 30 жылдан астам уақыт радиотелефонист және диспетчер болып жұмыс істеген. Оның міндеті – оқыс оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдап, тиісті бөлімшелерді оқиға орнына жіберу.

Қазір отбасылық дәстүрді олардың қызы Айгерім Кажкенова жалғастырып жүр. Ол Көкшетау қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист болып қызмет етеді. Ата-анасының тәжірибесі жас маманның кәсіби шеберлігін шыңдап, халық қауіпсіздігіне үлес қосуына көмектеседі.

Сағынаевтар әулеті: ауылдағы өрт қауіпсіздігіне қосылған үлес

Ақмола облысының Астрахан ауданында Сағынаевтар отбасы өртке қарсы қызметтегі әулеттердің бірі ретінде танымал. Әулеттің үлкен өкілі Балташ Сағынаев көп жыл осы салада еңбек етіп, зейнетке шыққан. Оның інісі Жанболат Астрахан ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарған.

Жанболаттың ұлы Саян Сағынаев та әке жолын таңдаған. Әскерден оралған соң азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасып, Астрахан ауданының №19 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып еңбек етеді. Ал Жанболаттың ұлы Қанат та отбасылық істі жалғастыруға ниетті.

Осылайша, адамдарға қызмет ету және оларды өрттен қорғау Сағынаевтар отбасының маңызды дәстүріне айналған.

Отбасылық дәстүр – кәсіби сабақтастық негізі

ТЖМ жүйесіндегі әулеттердің тарихы – тек көпжылдық еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктердің көрінісі емес. Бұл – тәжірибе мен білімнің ұрпақтан ұрпаққа берілуі, өзара қолдау және қоғам алдындағы жауапкершіліктің үлгісі.

Құтқарушылар күн сайын адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты міндеттерді орындайды. Олардың кәсібі батылдықпен қатар, жоғары дайындықты, тәртіпті және шұғыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Осындай отбасылардың тәжірибесі жас мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, азаматтық қорғау саласындағы дәстүрлердің сақталуына мүмкіндік береді.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz