Елде интернет-алаяқтықпен күрес күшейіп келеді. Соңғы үш жылда кибер алаяқтық саны 40%-ға азайған. Жыл басынан бері осындай 14 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, жәбірленушілерге 6 млрд теңге өтелді, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда алаяқтар айылын жияр емес. Әккілер жаңа технологияларды игеріп, жасанды интеллектіні өз пайдасына бұрмалап әлек.
Елде цифрлық қауіп сейілмей тұр. Себебі әккілер жасанды интеллектіні қаруға айналдырып алған. Дауыс ырғағын өзгерту, жалған бейне, психологиялық қысым жасауды меңгере бастаған. Алаяқтардың тәсілі өзгергенімен, көздегені бір – азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін үптеп кету. Осы тұста мамандар eGov Mobile қосымшасында халықты киберқылмыскерлерден қорғайтын «стоп-кредит» қызметі жұмыс істеп тұрғанын еске салады. Оның көмегімен әр адам өз атына несие алуға тыйым қоя алады. Сонымен қатар құзырлы органдар дропперлермен де күресті күшейтті.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:
- Дроптармен күреске ерекше назар аударылуда. Қылмыстық жауапкершілік енгізілген сәттен бастап мыңнан астам осындай құқық бұзушылық тіркеліп, 364 адам жауапкершілікке тартылды. Ұлттық банктің антифрод-орталығымен бірлесіп, күдікті транзакцияларды анықтау және ұрланған қаражатты бұғаттау шаралары қабылдануда. 5 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталып, 1 млрд теңгеге жуық қаражат жәрібленушілерге қайтарылды.
Мамандар қаражат қана емес, азаматтардың жеке деректерінің де бей-берекет таралып кетпеуін қадағалау маңызды дейді. Себебі бұл мәліметтер кибералаяқтарға оңай олжа болып отыр. Осы тұста Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева өзінің сауалында нақты мысал келтіріп былай деді.
Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтай депутаты:
- Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің дербес деректерін ашық жариялады. Семейде қызметкерлердің деректерімен қатар 344 кәмелетке толмағандардың деректері де ашық қолжетімді болды. Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың қажеті жоқ еді. Оларды қорғауға мәжбүр болған ұйымдардың өздері ашық жариялады.
Депутат бұл мәселені мұқият қарауды талап ету қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласында 600-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Құқық бұзғандарға айыппұл да салынды.
Салтанат Жетмекова,«ISV Central Asia»ЖШС атқарушы директоры:
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан үлкен күш-жігер жұмсалады, тіпті егер сіз оның кабинетіне кірсеңіз, онда кибергигиена бөлімі бар, онда сіз алаяқтықтың қандай түрлерімен толық таныса аласыз.
Азаматтар қарапайым ережелерді үнемі есте сақтағаны дұрыс. Бөгде адамға SMS-кодтар мен құпия сөздерді бермеу, күдікті сілтемелерге өтпеу және ақша аудару жайлы өтініштерді бірнеше мәрте тексеру әлі де маңызды. Сонымен қатар «Стоп-кредит» қызметі арқылы – жаңа қарыздарды ресімдеуге тыйым салуға болады, ал CitizenSec платформасында кибергигиена бойынша оқу мүмкіндігі бар. Бұл қызметті қазірде 70 мың қазақстандық пайдаланып үлгерді. Цифрлық қауіпсіздік тек мемлекеттің емес, әр азаматтың жауапкершілігі.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев
Тегтер #24KZ #интернет алаяқтықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz