RU
Толық нұсқаға өту

Елде қалдықтарды басқару жүйесін реформалау басталды

19.10.2026, 13:40 63

Биыл елде «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн-нан астам адам атсалысқан. Игі бастама қолға алынғалы 2 мыңнан аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 3,8 млн тонна қоқыс шығарылған, деп хабарлайды 24KZ.

10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылған. Ендігі мәселе – тұрмыстық қалдықтар полигондарынан арылу. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға мықтап тапсырған еді. Себебі барлық аймақта дерлік қоқыс алаңдары әбден толып кеткен. Мұндай мәселе Астана қаласында да бар.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Бұл – Астана қаласындағы жалғыз тұрмыстық қалдықтар полигоны. 70 гектар аумақты алып жатқан қоқыс алаңы қазір әбден толуға шақ тұр. Ол қаланың экологиясына да кері әсерін тигізіп жатыр. Шаһардың шығыс қақпасының да сәнін кетіріп тұр.

Иә, тау боп үйілген қоқысты қалаға Павлодар жақтан келгендер күнде көреді. Көріп қана қоймайды, қолаңса исін де амалсыз сезуге мәжбүр. Ал жылдар бойы жиналған қалдықтар ара-тұра тұтанып, маңайдағылардың мазасын кетіреді. Әсіресе іргедегі кәсіп нысандарына қиын.

Нұрғали Азатқали, Шұбар ауылының тұрғыны:

– Енді өзім мына жақын жерлерде жұмыс істеп көрдім. Түстен кейін кезінде осы «Шанхайдың» маңайында жұмыс істеген кезде кешке жақын түшкіріп, көзіміз қызарып осы жерден талай сөйтіп қайттық. Осы мусордың несінен. Әсіресе күн ысыған кездерде осы маңайдағы адамдар жұмыс істей алмай қалады.

Сергей Менасанов, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Астанаға кіріп келе жатқанда-ақ полигоннан жаман иіс шығып тұрады. Мына маңайда жұмыс істейтіндер қалай шыдап жүр екен. Жалпы қаланың кіреберісінің сән-сәулетін бұзып тұр. Болмаса басқа басқа жақтан кіреберіс істеу керек шығар. Сонда мынаның бәрін көрмейтін едік.

Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың соңында Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтқаны.

Мемлекет басшысы маңызды жиында Жапонияның бас қаласы Токионы мысалға алып, шағын ғана аумақта 14 млн халық өмір сүріп жатса да, тазалық пен тәртіп оларда өте жоғары деңгейде екенін тілге тиек еткен еді. Сондай үлгілі елге айналсақ деген ниетпен Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» идеясына бастамашы болған. Нәтижесінде тек ауланы тазалау емес, іргелі істер қолға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы орайда қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету керек. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды. Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан Үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс.

«Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?» – деп Астана қаласының әкімдігіне сұрау салдық. Жауапты басқарма өкілінің айтуынша, қолданыстағы полигонды кеңейту және қоқыс өңдеу зауытын салу жұмыстары қатар жүргізіліп жатқан көрінеді.

Жанар Сәдуақасова, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім жетекшісі:

– Өткен жылы біз қазіргі тұрмыстық қалдықтар полигонының жанынан үшінші ұяшықты салу жобасы бойынша сметалық құжаттарды әзірлеп қойдық. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да бар. Ал құрылыс жұмыстары қаражаттың бөлінуіне қарай басталады. Бірақ бұлай мәңгі жалғаса беруі мүмкін емес. Сондықтан қоқысты жою жұмысы қолға алынады. Нақтырақ айтсақ, қалдықтарды жағып, одан электр энергиясын алатын зауыт салынады. Инвестор дайын. Қазір құрылысты жүргізетін мердігерді табу үшін конкурс өткізіліп жатыр.

«Мердігер анықталғаннан кейін зауыт құрылысы басталады», – дейді жауапты маман. Өндіріс ошағы іске қосылса, қаладан шыққан қоқыстың бәрі сонда жойылып, кәдеге жаратылмақ. Ал Астанадан күніне 1 мың 200 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Зауыт жұмысы жолға қойылса, елорда келешекте ашық қоқыс полигондарынан мүлдем бас тартуы мүмкін.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Ғалымжан Әбділахат, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz