RU
Толық нұсқаға өту

«Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметі тоқтатылды

19.10.2026, 14:00 35

«Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметі тоқтатылды. Базарлар мен сауда үйлері маңын жағалап, жалған жарнама таратып, 146 млн-нан аса теңге жымқырған, деп хабарлайды 24KZ.

Тұтынушылар кепіл мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына кері әсері жоғын естіп, тұзаққа түскен. Бірақ қарыз күніне 2 пайыз өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден 6 есе жоғары. Қаржылық мониторинг агенттігі «Альби-Ломбард» серіктестігі микроқаржылық қызметпен айналысатын ұйымдар тізімінен шығарылып, ломбард ашу құқығынан айырылғанын айтады. Соған қарамастан келісімшарттарға сол мекеменің мөрі басылған. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол жүргізіліп, күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттарына аударылған.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Соттың рұқсатымен оның мүлкіне, атап айтқанда, 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz