Бүгін 19 қазан – құтқарушылар күні. Алғаш Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, бұл мерекенің тойланып келе жатқанына биыл 31 жыл толып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
– Құтқарушылар – қауіп-қатерге қасқайып қарсы тұратын, жүрек жұтқан жауынгерлер. Өзгенің өмірін құтқаруды өзінің өмірлік миссиясына айналдырған қызметкерлер қазір кезекті шақыртуға шығып барады. Оқиға орнында оларды не күтіп тұрғаны белгісіз. Белгілісі адам өмірін арашалау үшін отқа да, суға да түсуге дайын.
Мәулет Әмірсейіт, Астана қаласы ТЖД №23 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:
– Өз басым осы күнге дейін 40-50 шақыртуға барыппын. Оның ішінде есте қалатыны СТО жанған.
Қытымыр қыстың бұл қаһарлы түні Мәулеттің есінен ешқашан кетпейтіні сөзсіз. Өрт сөндіршуі-құтқарушы қызметіне жаңа кіріскен 22 жастағы жігіт жаңа жұмысы өлім мен өмірдің арасында өтететінін сол сәтте жақсы түсінді.
Мәулет Әмірсейіт, Астана қаласы ТЖД №23 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:
- Сонда 3-4 көлікті сыртқа алып шықтық. Оның ішінен 3-4 газ баллонды мен өзім алып шықтым. Бірақ оларға өрт тимеген. Ең қорқыныштысы сол сәтте қасымдағы адамдарды тастап кетпеу болды. Одан кейін үйде отбасым бар күтіп отырған.
Мұндай сын сағаттар Мәулет сияқты өрт сөндірушілердің жігерін жасытып, сағын сындырмайды. Керісінше, миссиясын мінсіз атқарып, халықтың құрметіне бөленгенде мамандығына деген махаббаты артады.

Жыл басынан бері біздің құтқарушылар төтенше жағдайларды жою үшін 82 мың мәрте атқа қонған. Олардың кәсібилігінің арқасында 9 мыңдай адам аман қалып, 10 мыңнан астам тұрғын эвакуцаияланды. 3 мың азаматқа алғашқы медициналық қызмет көрсеткені және бар. 112 қызметіне 4 миллионнан астам қоңырау түскен.
Сондықтан құтқарушыларымыздың қай-қайсысы болмасын құрметке лайық. Әр ерліктің артында адам өмірі тұр.
Рауан Зейнешов, Астана қаласы ТЖД №23 ӨСБ бөлімінің бастығы:
- Біздің жігіттерге қойылатын талап көп. Физикалық жағынан қызметкер дайын болу керек. Екіншіден, өртте жәбірленуші болса, оған алғашқы көмек көрсете білу керек. Жеке құрамға өрт кезінде жарақат алуға жол жоқ.
Президенттің пәрменімен тілсіз жауды ауыздықтап жүрген жігіттерге соңғы жылдары көп көңіл бөлініп келеді. Құтқарушылардың еңбек ақысы өсіп, техникалық база жаңартылды. Ең қуантарлығы кадр тапшылығы шешілді. Министрлік мұны әлеуметтік қолдаудың күшейгенімен байланыстырады. Былтырдан бері 16 мыңнан аса қызметкер жалақыдан бөлек, тұрғын үй төлемдерін алып жүр. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген бағдарламалар пайда болды.
Жадыра Оспанова, ҚР ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің бас маманы:
- Жалпы кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Алайда өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушілері лауазымы бойынша азғантай кадр жетіспеушілігі байқалады. Олардың негізгі себептерінің бірі өрт сөндіру көліктері үлкен. Ауыр жүк көліктерін басқаруға жүргізуші куәлігінің тиісті санаттарын алу күрделілігі болып табылады.
Дегенмен сала сарапшылары өңір-өңірдегі өрт сөндіру бөлімдерінде жеке құрам санын әлі де жеткіліксіз деп санайды. Сонымен бірге Көкшетаудағы құтқарушыларды даярлайтын елдегі жалғыз оқу орны жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.
Дәурен Данаев, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» Қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
- Қазіргі жағдайы ғимараттары тым ескі. Оқып жатқан курсанттарға кішкене қолайсыз болады Сол себепті жаңа академия керек. Екінші мәселе, біздің өрт сөндіру бөлімдерінде 40-60 жылдары салынған ғимараттар бар. Солардың уақыты келді. Соларды ақырын-ақырын жаңарту керек. Олар жаңартылып жатыр. Бірақ әлі жұмыстар алда бар.
Бүгінгі құтқарушылар күнін елдегі 27 мыңнан астам қызметкер атап өтеді. Мыңдаған адамның өмірін аман алып қалып жүрген олардың еңбегі құр қол соғумен емес, қолайлы жағдай жасаумен бағалану керек.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Нұрғали Мамырбаев
Тегтер #24KZ #Құтқарушылар күні #112 #мерекеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz