Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды, деп хабарлайды «24KZ». Оңтүстік Алтайда алғаш рет жүзеге асырылған бұл жұмыс сәтті аяқталды. Қар барысына «Алтай» деген ат берілді.
Спутниктік қарғыбау мамандаржануардың қозғалыс бағытын, мекендейтін аумағын және жүріп өтетін қашықтығын бақылай алады. Жиналған деректер қар барысының тіршілігін зерттеуге, оның мекен ету ерекшеліктерін анықтауға және қорғау шараларын тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Қар барысы көбіне адам сирек баратын биік таулы аймақтарда тіршілік етеді. Сондықтан оны табиғи ортасында бақылау қиын. Спутниктік құрылғы зерттеушілерге жануардың қозғалысы туралы нақты мәлімет алуға және оның тіршілік ету аумағын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Спутниктік қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Е. Қасымов пен Ж. Аманбаев, сондай-ақ Зоология институтының мамандары А. Грачев, М. Беспалов, С. Беспалов және С. Сапарбаев қатысты. Жоба Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұған табиғатты қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.
Алдағы уақытта спутниктік құрылғыдан алынған мәліметтер негізінде Алтайдың жүретін жолдары мен мекендейтін аумақтары зерттеледі. Бұл Оңтүстік Алтайдағы қар барысының тіршілігі туралы ғылыми деректерді толықтырып, сирек кездесетін жыртқышты қорғау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Оңтүстік Алтай #Қар барысы #спутниктік қарғыбау #Қызыл кітап #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz