RU
Толық нұсқаға өту
фото: gov.kz

Астанада LRT құрылысы үш бағытта жалғасып жатыр

19.10.2026, 17:33 49

Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңі Қосшы қаласы, Жағалау шағынауданы және «Астана-1» теміржол вокзалы бағыттарын қамтиды. Құрылыс жұмыстары қазір осы үш бағытта жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғалы бері жолаушылар тасымалының көлемі 11,5 миллионға жуықтады. Оның сөзінше, бұл көлік түрі қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, күнделікті қатынастың бір бөлігіне айналып келеді.

Қосшы қаласына қарай тіректерді, эстакадалық құрылымдар мен станцияларды салу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 294 тірек орнатылған. Бұл жоспарланған көлемнің 97%-ын құрайды. Сондай-ақ 385 эстакадалық құрылым монтаждалған. Жоспардың 73%-ы орындалған.

2026 жылдың соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұл бағытта барлығы үш станция салынады.

Жағалау шағынауданына қарай сегіз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазір қоршаулар орнатылып, инженерлік желілерді көшіру және қайта орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал оң жағалаудағы «Астана-1» теміржол вокзалына қарай тоғыз станция салу жоспарланған. Олардың қатарында №201 ауысып міну станциясы бар.

Сығанақ даңғылының бойында, Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының арасындағы учаскеде №201/301 станцияларының ауысып міну торабын салу жұмыстары жалғасуда. Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құйылған. Сондай-ақ қадалар мен ростверктерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz