Жетісу облысында бір күнде бес елді мекенге табиғи газ берілді.
Панфилов ауданының Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарына көгілдір отын жеткізу үшін 60 шақырымға жуық құбыр тартылды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ мен облыстық әкімдіктің бірлескен жұмысы нәтижесінде енді 1500-ге жуық тұрғын өркениет игілігін көре алады. Бұл инфрақұрылымдық жобалар мемлекет басшысының 2035 жылға дейін елдегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр.
Шекаралы аймақтағы Ақарал ауылында көгілдір отын алауы жағылды. Шағын елді мекеннің 400-ден астам тұрғыны енді көмір кіргізіп, күл шығару машақатынан құтылады.
Асқар Айыпұлы, Ақарал ауылының тұрғыны:
- Балалар отын-судың қамын ойламайды. Енді барлығы үйге келіп тұр. Су тартылған. Сондықтан олар емін-еркін өз тіршіліктерін жасай алады. Еркін қоғам жұмыстарына белсене қатынаса алады деп ойлаймыз.
Панфилов ауданында 11 ауыл газдандырылған. Жыл соңына дейін тағы 15 елді мекенге желілік құбыр тартылады. Сол кезде 60 мыңнан аса адам табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады.
Бибігүл Батырбекова, Ақарал ауылының тұрғыны:
- Қуанып жатырмыз газ келгеніне. Үйіміз жылып, біршама жұмыстан құтылдық. Күл шығарғаннан, отын бұтағаннан. Көмірдің де ақшасы оңай емес, тоннасын 30 мыңнан аламыз.
2022 жылы Жетісу облысы құрылғанда аймақтағы 5 елді мекеннің тұрғындары ғана көгілдір отын тұтынатын. Ауқымды жұмыс нәтижесінде табиғи газға қосылған ауылдар саны 110-ға жеткізілді.
Нұржан Түймебаев, "QazaqGazAimaq" АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры:
- Жетісу облысында газдандыру деңгейі 68 пайызды құрап отыр. «ҚазақГаз» ҰК мемлекет басшысының тапсырмасы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі мынау елді мекендерде газдың келуі ол басқарма басшылығы, облыс әкімшілігі «ҚазақГазАймақ» мекемелерінің ауызбіршілігінің арқасында болып жатыр.
Сондай-ақ өңірде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 84 ауылға газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Екі жылға жоспарланған жоба нәтижесінде аймақты газдандыру деңгейі 94 пайызға жеткізіледі.
Тегтер #Жетісу облысы #газдандыру #24KZ #QazaqGaz AimaqPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz