RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық стартаптар АҚШ-қа жетті

20.10.2026, 07:46 42

Қазақстандық стартаптар АҚШ-ты қаншалықты таңдай қақтыруы мүмкін? Кремний алқабы кішкентай идеядан үлкен мұраттарды тани ала ма?, деп хабарлайды 24KZ.


Ал жас стартаптар үшін бір идея – үлкен мүмкіндікке бастар жол. Сол мүмкіндікті әлемдік нарыққа алып шығуға тың технология ғана емес, оған сұраныс та болуы қажет. Қазақстандық стартаптар Кремний алқабында халықаралық инвесторлардың назарына өз жобаларын ұсынды. Сонымен отандық командалардың Сан-Францискодағы ТэкКранч Дис-Раапт алаңына шығарған өнімі қандай? Қазақстандық технологиялар жаһандық нарыққа шыға ала ма?

Ердана Ержанұлы, тілші:

– Бір идеямен келіп, инвестормен келісіп қайту. TechCrunch Disrupt алаңына жиналған стартапшылардың көздегені – осы. Бірақ мұнда идеяңды мақтай беру жеткіліксіз: өнімің қандай мәселені шешеді, оны кім сатып алады – соны дәлелдеуің керек. Қазақстаннан келген стартапшылар да осы алаңда жобаларын таныстырып, әлемдік нарыққа жол іздеп жүр.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, биыл мұнда он мыңнан астам қатысушы бас қосып, үш жүзден аса стартап өз еңбектерін таныстырған. Олардың басым бөлігі жасанды интеллектен бастап, қаржы технологиялары, робототехника мен инфрақұрылымды дамытуға дейін жалғасып жатыр. Қазақстандық командалар да күнделікті өмірдегі нақты мәселелерге шешім ұсынды.

Болат Әшім, WeGlobal AI компаниясының өкілі:

– Қазіргі таңда біз мектептің ішіндегі буллинг, құқық бұзушылыққа қарсы платформа жасап жатырмыз. Оның атауы енді бізде өзгерді. Оның аты «Бала қорғаны AI» деп аталады. Қазір таңда Орал қаласында, Батыс Қазақстан облысында біз пилоттық жоба ретінде өттік. Ендігі әрі мұны республика деңгейінде басқа өңірлерге де қазір жүргізуді жоспарлап жатырмыз.

Ғалижан Толыбаев, Cryptic AI жобасының өкілі:

 – Біз криптокомпанияларға олардың клиенттерінің тазалығын, әмияндарының тазалығын тексеруге көмектесеміз. Олар санкцияланған адамдармен жұмыс істеген жоқ па, немесе даркнетте ештеңе сатып алған жоқ па, немесе басқа бір ақша жуу әрекеттерін жасаған жоқ па – соның бәрін тексеріп, компанияларға таза ақшамен жұмыс істеуге мүмкіндік береміз.

Мұстафа Қасым, «Sarqyt» жобасының өкілі:

 – Біздің басты кездескен мәселеміз – бұл жерде, Қазақстанда, көптеген наубайхана, кофеханалар және супермаркеттерде кешке мерзімі шектеулі, сатылмай қалған тауарлар болады. Біздің мақсатымыз – ол тауарларды ысырап қылмай, бизнес шығынға кетпеуі үшін, оларды арзан бағамен біздің клиенттерге сату.

Бірақ өнім әзірлеу және оны шетелде сату – екеуі екі бөлек міндет. Жаңа нарықта клиент іздеу, серікте табу, инвесторға жоба ұсыну үшін жергілікті ортаны білу қажет. Silkroad Innovation Hub пен Astana Hub сияқты платформалардың маңызы осында. Олардың әріптестерімен іске асыратын бағдарламалары қазақстандық стартапшыларды америкалық нарыққа дайындап, тәлімгерлермен және ықтимал тапсырыс берушілермен байланыстырады.

Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub бас директоры:

– Әрине, осы стартаптардың бәрі уникалды, олардың өз нарығында өнімдері бар. Одан бөлек, ең басты мақсат – біздің өңірімізді Кремний алқабында көрсету. Сондықтан стартаптарды тек қана бір сала емес, бірнеше сала бойынша әкеліп отырмыз. Және де осы стартаптар, мысалы, университеттен шыққан стартаптар, жастар құрған стартаптар, әйелдер, еркектер құрған стартаптарды осылай жинап отырмыз.

Лоран Рейнс, ALCHEMIST акселераторының жетекшісі:

– Қазақстан мен Орталық Азия стартапшыларының техникалық білімі мықты, АҚШ нарығына шығудағы тәсілі де ерекше. Жібек жолы өңірінің бойына сіңірген өзіндік кәсіпкерлік қасиеті тағы бір артықшылық дер едім. Қазірдің өзінде алғашқы табысты компанияларды көріп отырмыз. Алдағы уақытта олардың қатары көбейеді деп сенеміз.

Қазақстандық командалар әлемдік нарықта өз орнын қалыптастырып келеді. DeepInfra жасанды интеллектіге қажетті инфрақұрылым ұсынса, Valinor Discovery дәрі-дәрмек әзірлеуге, Higgsfield бейне мен сурет салудың тың технологиясын енгізіп жатыр. Бұл тәжірибе әлемдік абырой мен сенімге ие болып, халықаралық нарыққа шығумен қатар, Қазақстандағы инженерлік әлеуетті де дамытуға жол ашады.

Автор: Ердана Ержанұлы

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz