Ұлытау облысында 189 медицина қызметкері жетіспейді. Әсіресе балалар хирургі мен гастроэнтеролог тапшылығы байқалады. Ал аллергологтар жоқтың қасы, деп хабарлайды 24KZ.
Кадрлық әлеуетті нығайту үшін кейінгі жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен маман даярлауға білім гранттары бөлініп келеді. 2023–2024-ші жылдары 38 резидентті оқытуға университеттермен тиісті шарт жасалды. Бүгінде өңірге жас мамандарды тарту жұмысы жалғасып жатыр. Былтыр 75 қажетті дәрігер еңбекке тартылды. Ал жергілікті грантпен білім алған 6 түлек аймақтағы емханаларға жұмысқа орналасты.
Әсел Дутбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қаржыландыру және бюджеттік есептілік бөлімінің басшысы:
2023 жылы өңірде 283 медицина қызметкері жетіспеді. Кадр тапшылығын азайту бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда бұл көрсеткіш 189 адамға дейін төмендеді. Яғни медицина қызметкерлерінің тапшылығы шамамен 100 адамға азайды. Сонымен қатар медициналық кадрлар тапшылығын одан әрі қысқарту мақсатында республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен резиденттерді даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы ел көлемінде де ақ халаттылардың тапшылығы байқалады. Алайда мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесінде кейінгі 2 жылда қажеттілік едәуір төмендеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлерді өңірлерге тарту үшін қолдау шаралары қарастырылған. Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге барғандарға бірреттік төлем табысталады. Жас мамандарға қызметтік баспана беріледі. Былтыр медициналық қызметкерлерге 1700-ден астам әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Тегтер #Ұлытау облысы #медицина қызметкері #грант #балалар хирургіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz