RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында транзиттік жол жобаларының құрылысы жүріп жатыр

20.10.2026, 14:02 46

Қызылорда облысында елдің транзиттік әлеуетін арттыратын маңызды жобалар жүзеге асуда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге сапары барысында Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолының құрылысымен танысты. Сонымен қатар «Қызылорда-Сексеуіл», «Бейнеу-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» жобасын жүзеге асыру барысын бағамдады, деп хабарлайды 24KZ.

Транзиттік әлеует артады

Қызылорда қаласының айналма жолы 26 шақырым және төрт жолақты. Қазіргі таңда мұнда асфальтбетон қабаты төселіп жатыр. Бұл жұмысқа 150 жұмысшы мен 85 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолында топырақ қабаты төселуде, әрі маңызды «Бейнеу – Сексеуіл» жобасының да құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың сапасына Үкімет басшысының бірінші орынбасары ерекше назар аударды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Бұл – өте маңызды жоба. Мемлекет басшысының назарында, қатаң бақылауында. Бұл жерде қазір 111 адам деген аз. 90 техника да аз. Ол 800 шақырымға жуық жол. Бұл қарқынмен ертең созылып кетуі мүмкін. Біздің мақсатымыз – мұны үш жылға созбай, екі жылдың ішінде реті келсе бітіру.

«Бейнеу – Сексеуіл» күре жолының жалпы ұзындығы 600 шақырымға жуықтайды. Бұл ауқымды нысанда қазір қажетті материалдар әзірленіп, топырақ төсемі дайындалып жатыр. Мамандардың айтуынша, жұмыс сапасы қатаң бақылауда.

Мадияр Саттібаев, «Integra Construction KZ» ЖШС бас директоры:

– Біріншіден, уақтылы тапсыруға уәде етеміз және де сапалы уәде етеміз. Біз қазіргі таңдағы жол мәселесіндегі проблемаларды жақсы білеміз. Не үшін, қандай сапада не үшін жолдың мынау каля деп айтап жатырмыз, соған байланысты «КазАвтоЖолмен» бірлесе отырып, беттегі асфальттың сапасына қатысты жұмыс жасалып жатыр.

Дархан Иманашев, «Қазавтожол ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Ұлғайсын-Сексеуіл жобасы бойынша 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жобаның ерекшелігі, тұтынушылар байқаған шығар, біз айналма жолдар салмаймыз. Бұрынғы ескі жолмен қозғалыс қатынасы жүріп жатыр, жанынан жаңадан жол салып болғаннан кейін қозғалысты жаңа жолға түсіріп, ескі жолды бұзу және реконструкция жұмыстарын бастаймыз.

Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс нысанындағы жұмысшылармен де кездесті. Жауапты мамандарға құрылыс сапасын жіті қадағалауды тапсырды.

Нұрлан Қыстаубаев, «ҚазЖол» ҒЗИ инженері:

– Топырақтан бастап, асфальт жабындыларына дейін, төсеніштерге дейін барлық жұмыстарды арнайы зертханалардан өткізіп, Ұлттық сапа орталығымен бірге бірлесе отырып, осы жерде жұмыстың барысы қадағалануда.

Аталған жобалар жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады. Бұл – Ақтау мен Құрық портына тура жол ашады. «Жүк тасымалы артып, елдің экономикалық, туристік әлеуеті артады», – дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz