Астанада ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы басталды. Қазақстан әуе тасымалына қатысты мұндай ауқымды халықаралық форумды алғаш рет қабылдап отыр. Қатысушылар үш күн бойы саладағы өзекті мәселелерді талқылайды. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі әлемдік геосаяси жағдайда авиациялық қауіп-қатерлер арта түскен. Сондықтан қауіпсіздік жүйесін жаңғырту, киберқауіптерге қарсы іс-қимылды күшейту маңызды, деп хабарлайды 24KZ.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
– Жасанды интеллект жүйелері мен киберқауіпсіздікке қарсы тұру, қақтығыс аймақтары мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында ұшу қауіпсіздігін үйлестіру.
ИКАО-ның қауіпсіздік апталығында осы мәселелер талқыланды. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан жиында жаңа технологияларға ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект жүктерді тексеруде көмектесіп, азаматтық авиация жұмысын оңтайландырады. «Десе де тың технология енгізуден төнетін қауіп-қатерлерді де ескеру маңызды», – деді ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар.
Хуан Карлос Саласар, ИКАО бас хатшысы:
– Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы көрсеткіші 95,7 пайызға жетті. Бұл елдің халықаралық стандарттарға сәйкестігінің жоғары деңгейін көрсетеді. ИКАО бұл нәтижені құптайды және жолаушылар мен жүктерді тасымалдау сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның Көлік министрлігімен және Азаматтық авиация комитетімен ынтымақтастықты жалғастырады.
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері келер жылы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ аудиторлары елге келіп, азаматтық әуе қатынасының халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерген. Жақында соның нәтижесі шығады.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
– Бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ-тан аудиторлар келіп, еліміздің азаматтық авиациясы қызметінің халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерді. Соның қорытындысы бойынша Астана-Нью-Йорк – Астана әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл қараша айында нақты белгілі болады. Бірінші рейс келесі жылы болады деген үміт бар.
Айта кету керек, Қазақстан әлем бойынша авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері ең жоғары ТОП-20 елдің қатарына енді. Еліміздің Еуразия жүрегінде орналасуы халықаралық әуе қатынасын дамытуға зор мүмкіндік береді. Сондықтан ИКАО-мен ынтымақтастықтық өте маңызды. Бұдан бөлек, Қазақстан биыл ИКАО кеңесінің құрамына кіруге ниетті. Бұл Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Ассамблеясына есеп беретін және тұрақты жұмыс істейтін басқарушы орган. Ол ұйымның атқарушы қызметін үйлестіреді. Жалпы ИКАО құрамына 193 ел кіреді, бүгінгі жиынға 60-тан астам мемлекет өкілі қатысты. Бұл шара 2027 жылы өтетін ИКАО-ның Кеңейтілген жоғары деңгейдегі конференциясына дайындық ретінде маңызды шешімдер қабылданатын негізгі алаң болып есептеледі.
Тегтер #ICAO #Авиациялық қауіпсіздік #АҚШPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz