RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Балалар-Fest 2026» инклюзивті фестивалі өтті

20.10.2026, 15:17 41

«Балалар-fest 2026» республикалық инклюзивті фестивалі өтті. Өнерде шекара жоқ. Елордада өткен «Балалар-Fest 2026» республикалық инклюзивті фестивалі осыны тағы бір мәрте көрсетті, деп хабарлайды «24KZ».

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында бас қосқан балалар ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдарын ұсынды. Төртінші жыл ұйымдастырылған шараға 200-ден астам қонақ жиналды. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, мектеп оқушылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер бар. Мерекелік шараға елімнің түкпір-түкпірінен 100-ден аса бала қатысты.

Сағадат Серікқызы, Алинаның анасы:

- Үкімет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп, балаларымыздың жетістіктері мен мүмкіндіктеріне жол ашылып жатқанына өте ризамыз. Қызым 17 жаста. Бүгін біз «Аққу» биін билейміз. Фестивальға алғаш рет қатысып отырмыз, сондықтан қуанышымызда шек жоқ. Қызым да қазір ерекше қобалжып тұр, өнерін көрсетуге дайындалып жатыр. Бізді қолдайтын жандар көп болсын! Барлық аналарға айтарым — ешқашан жасымасын, үміттеріңізді үзбеңіздер. Біздің балаларымыздың да қоғамда алар орны ерекше.

Елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мыңнан астам бала тұрады. «Олардың қоғам өміріне араласуы үшін қолжетімді орта мен тұрақты қолдау қажет», – дейді мамандар. Ұйымдастырушылар іс-шараны жыл сайын өткізіп, қатысушылар қатарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бастаманы қолдауға ниетті кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдарды ынтымақтастыққа шақырады.

Алмагүл Сегізбай, Астана қаласы бойынша «Әйелдер күштері альянсы» төрағасы:

– «Балалар фест» фестивалі — Қазақстанның Әйелдер күштері альянсы жыл сайын ұйымдастыратын игі дәстүр. Жыл өткен сайын қатысушылар санының артып келе жатқаны бізді ерекше қуантады. Бұл балалардың өз таланттарын ашып, қабілеттерін көрсетуге, қоғамның ықыласы мен қолдауын сезінуге мүмкіндік алып жатқанының белгісі. Фестиваліміздің басты мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету, оларға сенім мен қуаныш сыйлап, жалғыз емес екенін сезіндіру. Әрбір ана өз баласының маңызды, сүйікті әрі талантты екенін сезінсе дейміз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz