«Бір ел, бір ту, бір жүрек». Алматылық оқушылар Республика күні қарсаңында патриоттық челлендж ұйымдастырды. Жас буын елге деген сүйіспеншілігі, Отанға деген құрметі ретінде Мемлекеттік Туды бейнеледі. Мектеп оқушылары Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафонына да белсене қатысуда, деп хабарлайды 24KZ.
Патриоттық бастама Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Көк және сары түсті киім киген оқушылар Қазақстанның мемлекеттік туын бейнеледі. Жас буын осылайша елге деген сүйіспеншілігін білдіріп, қазақстандықтарды игі бастамаға қосылуға шақырды.
Ақнұр Социал, оқушы:
– Көк байрағымыз біздің Тәуелсіздігіміздің символы. Бейбітшілігіміздің белгісі және де жарқын болашағымыздың нышаны. Бүгін біз бір мақсатқа жұмылып, бір тудың астында бас қосып отырмыз. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Біз Қазақстанның болашағымыз. Барша қазақстандықтарды республикалық патриоттық челленджімізге қосылуға шақырамыз.
Сандуғаш Қажығалиқызы, №87 мектеп директорының орынбасары:
– «Бір ел, бір ту, бір жүрек» атты челлендж ұйымдастырдық. Бұл челлендждің мақсаты – еліміздің егемендігінің символы болып табылатын көк байрағымызды көрсету. Оқушыларымыздың бойындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елімізге деген отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру.
Алматылық оқушылар «Кітап оқитын ұлт» марафонына да белсенді қатысып жүр. Бұл бастама аясында мектеп оқушылары мен педагогтер арнайы тізімге енген шығармаларды қызығушылықпен оқуда. Марафонның мақсаты – кітап оқуға деген ынтаны арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру. Ұстаздар мен шәкірттер бірлесе қатысу арқылы кітап оқудың маңызын насихаттап, білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосуда.
Омар Оразхан, оқушы:
– Кітапты оқу барысында жалпы баланың тұлға болып қалыптасуы отбасы тәрбиесі мен ата-әже өнегесінің орны ерекше екенін түсіндім. Бұл марафон аясында берілген кітаптар өте қызықты кітаптар екен.
Нұрсұлтан Құрманғали, оқушы:
– Дулат Исабековтың «Дермене» кітабын оқыдым, Дейль Корнегидің «Шешендік өнер» кітабын оқыдым. Және Дулат Исабековтың тағы «Гауһартас» кітабын оқыдым. Он екі күнде бітірдім, «Дерменені» алты күнде бітірдім.
Кітап оқу – білім мен таным көкжиегін кеңейтудің дара жолы. Марафон оқушыларды көркем әдебиетке баулып қана қоймай, оқығанын саралап, өз ойын еркін жеткізуге үйретеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев
Тегтер #24KZ #челлендж #Алматы #оқушылар #республика күні #Кітап оқитын ұлтPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz