Шығыс Қазақстан облысының диқандары күнбағыстан 5 млн тонна өнім жинаймыз деп отыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды 24KZ.
Кейінгі екі жылда өңірде майлы дақыл егілетін алқаптар 2 млн гектарға ұлғайып, нәтижесінде қамбаға 4 млн тонна тұқым бастырылды. Бұл өткен жылдан екі есе көп. Шаруалардың мұндай табысқа қол жеткізуіне отандық селекцияның қосқан үлесі зор. Өңірдегі шаруашылық жоғары сұрыпты тұқымның 8 жаңа түрін өндіріске енгізген.
«Өсімдік шаруашылығымен айналысу төзім мен қажырлы еңбекті талап етеді», - дейді фермерлер. Өнімділікті арттырмаса, еткен еңбек зая. Қазір өңірдегі майлы дақылдар өсіретін шаруашылықтың мамандары күнбағыс тұқымының өнімділігін тексеріп, түскен өнімді есептеп жатыр.
Ермек Сүлейменов, фермерлік шаруашылық қызметкері:
– Тұқымды дайындау өте маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Өйткені себу науқанында тұқымды себу, ол бір-ақ берілетін мүмкіндік. Толықтай өзіміздің отандық өнім, селекциялар мен гибридтерді шығарамыз. Біздің гибридтер нарықта қазір 10 пайызын алып отырмыз.
Өңір диқандары күнбағыстың 8 жаңа сұрпының құрамын зерттеп жатыр. Селекционерлердің пікірінше, олардың сапасы еуропалық үлгідегі гибридтерден кем түспейді. Отандық климатқа төзімді әрі өнімділігі 30%-ға жоғары. Бастысы, бағасы шетелдік тұқымнан екі есе арзан. Мәселен, бір қабының нарықтағы құны 65 мың теңгеден басталады. Соның тең жартысын ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялайды. Бағаның тиімді болуына орай биыл 250 мың гектар жерге егуге жететін тұқым егілді.
Фарид Абитаев, майлы дақылдар егетін тәжірибелік шаруашылық жетекшісі:
– Жаңа гибрид тұқымдар іс жүзінде өте жоғары өнімділігін көрсетті. Тәжірибелік алқаптардан емес, қарапайым өндірістік жер учаскелерінің бір гектарынан 41 центнерге дейін өнім жиналды. Бұл өте жақсы көрсеткіш әрі тұқымның майлылық деңгейі де өте жоғары.
Қазақстандық диқандар осы науқанда күнбағыстан 5 млн тоннаға дейін өнім жинаймыз деп отыр. Бұл рекорд. Басым бөлігі қосылған құны жоғары дайын өнім ретінде экспортталады. Жалпы елімізде 90-ға жуық май зауыты бар. 13-і Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.
Жанат Көшерова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Олардың жалпы қуаттылығы жылына 1 млн тоннадан астам майлы дақылдарды өңдеу. Астық жинау жұмыстарында 611 мың 100 гектардай жиналды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың 500 гектардан артық. Соның ішінде майлы дақылдар 255 мың 400 гектардан жиналды. Күнбағысты жинау жұмыстары 237 мың гектардан. Бұл былтырғы деңгеймен салыстырғанда 2 мың 100 гектардан артық.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 93%-ы қайта өңделеді. Айта кету керек, соңғы жылдары экспорт көлемі 30 пайызға өсті. Қазір диқандар Шанхайда өтетін халықаралық көрмеге өз жобасын дайындап жатыр. Бұл, өз кезегінде отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің әлемдік бизнеспен тығыз интеграцияланғанын көрсетеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #24KZ #күнбағыс #диқандар #ШҚО #рекордтық көрсеткішPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz