RU
Толық нұсқаға өту

Астанада тағы екі Оқушылар сарайы ашылды

20.10.2026, 22:20 64

Астанада қосымша білім беру кешені көбейіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр ауданда оқушылар сарайы ашылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Республика күні қарсаңында тағы екі ғимарат қолданысқа берілді. Балалар ғылым, өнер және спорт бағыттары бойынша үйірме мен секцияларға қатыса алады.

Елорданың Алматы ауданында Tanym sport кешені бой көтерді. Жаңа нысанда бір мезетте 750 бала қосымша білім ала алады. Спорт секцияларына басымдық берілген. Көпфункционалды кешенде бокс, күрес залдары мен бассейн бар.

Әбілмансұр Көпенов, бокс секциясына қатысушы:

– Бұрын Оқушылар сарайында жаттыққан едім. Ол үйімнен алыс болып, осы жерге көшіп келіп, осы жерде жаттығамын енді. Осы жер ұнайды.

Нұрсұлтан Ерімбетов, Tanym art кешені директорының орынбасары:

– Заманауи білім беру кеңістігі болып табылады. Осы бағыттар бойынша 30-ға жуық үйірме жұмыс жасайды. Мұнда жас спортшылардың спортпен айналысуына, дарынды балаларды баулуға ерекше мән беріледі. Кешеннің аумағы 12 мың шаршы метрден тұрады.

Ал екінші кешен Сарыарқа ауданында орналасқан. 750 орынға арналған кешен келешекте бірнеше ауысыммен 3 мың балаға дейін қабылдайды. Мұнда өнер және ІТ үйірмелері жұмыс істейді. Астанадағы Оқушылар сарайының саны жаңа нысандарды қоса алғанда, сегізге жетті.

Гажденбек Тұрсынов, Tanym sport кешенінің директоры:

– Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әр өңірде, әр ауданда осындай қолжетімді, үйінің жанында, алыс жолға шықпай, балаларға мектептен шығып, өзінің ауданында өз білімін, қызызуғышылығын іске асыру мақсатында ашылған. Әрине, осы ауданның балалары қаланың басқа шетіне бармай, қаланы араламай, осы өзінің ауданында қолжетімді әрі заманауи кешенді білімін жалғастыра алады.

Оқушылар сарайынан бөлек, өнер мектептері, шығармашылық, спорт және туристік-өлкетану бағытындағы орталықтар жұмыс істеп тұр. Қалада 334 мыңға жуық оқушы болса, солардың шамамен 72 пайызы қосымша білім беру жүйесімен қамтылған. 2029 жылдың аяғына дейін тағы 9 оқушылар сарайын ашу жоспарланып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz