Ақтөбеде 5 шақырымнан астам жылу құбырлары ауыстырылады.
Ауқымды міндет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатыр. Жалпы мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 20 жоба жүзеге асуы тиіс. Жылу жүйесімен қатар ауыз су құбырлары және электр бағандары жаңартылады.
312 атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы бұл желі - шаһарды жылыту жүйесінің негізгі магистралі. «Жылу-электр орталығы» өндіретін жылу энергиясы диаметрі 820 мм-лік құбырлармен жүйткиді. Қазір инженерлік желінің қосалқы құбырлары ауыстырылып жатыр. Сондықтан жаңғырту жұмыстарының жылыту маусымына еш кедергісі жоқ. Мердігер биыл 3,5 шақырым, ал келер жылы 1,7 шақырым құбырды жаңартуы тиіс.
Нұркен Нұрымбет, "Влад" ЖШС директорының орынбасары:
- Үш жарым шақырымның қазіргі таңда екі километр үш жүз метрі толық монтаждалып тұр. Қалған труба нысан басына келді бүгін. Материал жағынан ешқандай кешіктіру жоқ. Диаметрі 820 трубаның, қалыңдығы 9 мм. Өзінің технологиясы бар ОДК деп аталатын. Сол бойынша барлығы салынады.
Қазіргі таңда жылу желілеріндегі жаңғырту жұмыстарының 70 пайызы атқарылды. Мердігер ай соңына дейін толық аяқтаймыз дейді. Облыс орталығының коммуналдық саласына жауапты кәсіпорын «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында 10 жобаны жүзеге асыруды көздеген. Олардың төртеуі келер жылдың еншісінде.
Ержан Мейірхан, «Aqtobe Su-Energy Group» ақ құрылыс бөлімінің басшысы:
- Алты жобаның екеуі осы жылу желісі. Екеуі су жабдықтау жүйесі бойынша. Сондай-ақ кәріз су құю бекеті, сорғы станция дейміз, ішіндегі технологиялық жағы жаңартылатын болады. Задвижка, сорғылары жаңартылады. Сондай-ақ Құндақтықыр ұңғымасында жеті ұңғыма қайта бұрғылаудан өтетін болады.
Ұлттық бағдарлама аясында Ақтөбе облысына биыл 30 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде ауыз су, жылу және электр желілерін жаңғыртуға, кәріз жүйесі қызметін жақсартуға бағытталған 20 ауқымды жоба жоспарланып, қазіргі таңда 14 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ақтөбе #жылу құбыры #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz