RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда жүлде қоры 30 млн теңге болатын патриоттық әндер байқауы жарияланды

21.10.2026, 16:45 38

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Республикалық конкурс Отан, туған жер және ел бірлігі тақырыбындағы жаңа туындыларды танытуға, талантты авторларды анықтауға және заманауи патриоттық әндер қорын толықтыруға бағытталған.

Байқауға танымал ақын-сазгерлермен қатар, ел ішіндегі жаңа таланттар да қатыса алады.

Қатысушылар бұрын еш жерде жарияланбаған және орындалмаған жаңа шығармаларын ұсынуы тиіс. Жеңімпаздарды композитор, ақын, музыка мамандарынан құралған кәсіби Сарапшылар кеңесі анықтайды.

«Қазір қоғамда Отан, туған жер, елдік мұрат пен ұлттық бірегейлік тақырыптарын жаңа мазмұнмен жырлайтын патриоттық әндерге сұраныс жоғары. Жаңа кезеңде, жаңа буынның дүниетанымы қалыптасып жатқан уақытта ән өнері де заман тынысын жеткізе алуы керек. Тарихи оптимизм идеясын өнер арқылы дәріптеп, өткенімізді құрметтей отырып, халқымыздың жетістігін, жасампаздығын және жарқын болашаққа ұмтылысын әнмен жеткізу маңызды. Сондықтан бұл байқаудан халықтың жүрегіне жол табатын, уақытпен бірге жаңарып отыратын жаңа патриоттық әндер дүниеге келеді деп күтеміз», – деді байқаудың кәсіби Сарапшылар кеңесінің мүшесі, ақын Қалқаман Сарин.

Байқауға шығармалар үш бағыт бойынша қабылданады:

– марш ырғақты екпінді, жігерлі әндер;

– баяу, лирикалық ырғақты рухты әндер;

– заманауи сарындағы патриоттық әндер.

Қатысушылар жаңа туындыларын бір немесе бірнеше бағыт бойынша ұсына алады. Байқауда әннің мәтіні мен әуенінің сапасына бірдей мән беріледі.

«Шығарманың музыкалық және көркемдік сапасына, мәтіннің тереңдігі мен поэтикалық шеберлігіне мән беріледі. Сонымен қатар авторлық идеяның жаңашылдығы, әннің тыңдарманға эмоциялық әсері және болашақта кәсіби деңгейде орындалып, кең аудиторияға таралу мүмкіндігі ескеріледі», – деді Сарапшылар кеңесінің мүшесі, композитор Ренат Гайсин.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге.

– Гран-при – 6 миллион теңге;

– І орын – 3 жүлде, әрқайсысы 4 миллион теңгеден;

– ІІ орын – 3 жүлде, әрқайсысы 3 миллион теңгеден;

– ІІІ орын – 3 жүлде, әрқайсысы 1 миллион теңгеден.

Байқаудың жүлде қоры демеушілер есебінен қарастырылған.

Байқауға шығармалар 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs сайты арқылы қабылданады.

Жеңімпаздардың есімі Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады. Жобаның басты ақпараттық серіктесі – «Хабар» Агенттігі» АҚ.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz