RU
Толық нұсқаға өту

Кәсіпорындар су үнемдеудің 5 жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттелді

21.10.2026, 19:02 25

Отандық ірі кәсіпорындар су үнемдеу және оны қайта пайдалану бойынша арнайы жоспар әзірлеуге тиіс. Қазір елде су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр, деп хабарлайды 24KZ.


Бұл бағытта ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына қойылатын талап күшейіп, тұрмыстағы су тұтыну көлемі де ескеріледі. «Басты мақсат – су шығынын азайтып, ресурсты тиімді пайдалану», – дейді мамандар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде су ресурстарын үнемдеу жұмыстары күшейтілді. Бұған дейін үнемдеу технологиялары негізінен ауыл шаруашылығында енгізілсе, енді ірі өнеркәсіп орындары да тіршілік нәрін тиімді пайдалануға басымдық беруі керек. Кәсіпорындар шығынды азайтып, суды қайта пайдалану көлемін арттыруға міндетті. Бұл үшін бес жылдық жоспар әзірленеді. Ал оны дайындауға кәсіпорындарға қосымша екі жыл уақыт берілді.

Қарлығаш Нұриханова, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологиялары және тарифтік саясат департаментінің басқарма басшысы:

– Қазіргі кезде бізде 671 кәсіпорын бар. Олардың тең жартысы жоспарларын әзірледі. Бұл жоспарлар Су кодексінің талаптарына сәйкес бекітіліп жатыр. Қалған кәсіпорындар бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет. Қазіргі уақытта кәсіпорындарымыздың 12,5 пайызы суды қайта пайдаланып отыр. Бұл шамамен 800 миллион көлемді құрайды және негізгі кәсіпорындардың су пайдалану көлемінің 30 пайызына тең.

Кәсіпорындар озық технологияларды енгізіп, су шығынын азайту жөніндегі жоспарларды кезең-кезеңімен орындауы тиіс. Нәтижесінде 2030 жылға қарай өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін 13 пайыздан 28 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қазір мамандар әр саладағы кәсіпорындардың үздік тәжірибелерін жинап жатыр.

Розлана Қожахметова «Gpi, LAB» ЖШС жобалық менеджері:

– Біз талдау жүргізіп жатырмыз. Жобамыз «Smart Water Zone» деп аталады. Оны биыл бастадық. Жыл соңына дейін әр саладағы кәсіпорындардың озық тәжірибелерін жинақтап, жылдық есеп дайындаймыз. Жоба аяқталғаннан кейін құжатты Су ресурстары министрлігіне ұсынамыз. Кейін оны бекітіп, озық тәжірибелерді бүкіл ел аумағында кеңінен енгізуді көздеп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – кәсіпорындар мен компаниялардың тәжірибесін пайдалана отырып, су ресурстарын тиімді пайдалану және суды үнемдеу.

Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру жұмысы халық арасында да насихатталып жатыр. Әсіресе, жастарға ерекше көңіл бөлінді. Ел мектептерінде «Су және білім» жобасы қолға алынды. «Қазір оқушылардың тіршілік нәрі туралы білім деңгейі 14 пайызға артты», – дейді жауаптылар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Мерей Талап, Ғалымжан Абдылахат, Ернар Нысанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz