RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан май өнімдерін Париждегі SIAL көрмесінде таныстырды

21.10.2026, 19:04 40

Қазақстанның май өнімдері алғаш рет Парижде өтіп жатқан әлемдегі ең ірі азық-түлік көрмелерінің бірі – SIAL алаңында таныстырылды. Елдегі 52 зауыттың басын біріктіретін Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы шетелдік серіктестерге күнбағыс, зығыр, рапс және басқа да өсімдік майлары мен мал азығына арналған өнімін ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстанның көрмеге қатысуына Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының бірлескен мекемесі – Халықаралық сауда орталығы бөлген грант мүмкіндік берді. Еуропалық сатып алушылар экологиялық таза отын ретінде пайдаланылатын күнбағыс қауызына ерекше қызығушылық танытты. Кейінгі екі жылда Қазақстаннан Еуропалық одаққа тасымалданатын өнім көлемі 30 есе өсіп, 33 мың тоннаға жетті. Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ең ірі алты елдің қатарына кіреді. Ал Еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізу бойынша алғашқы үштікте тұр. Биыл SIAL көрмесіне әлемнің 130 елінен 8 мыңға жуық өндіруші қатысып жатыр. Отандық кәсіпорындар Еуропа, Азия, Африка және Америка елдерінен келген сатып алушылармен келіссөз өткізіп жатыр.

Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы:

– Бүгінде Қазақстан Еуропалық Одаққа күнбағыс шротын экспорттайтын ең ірі үш елдің қатарына кіреді. Негізі біз май өнімдерін әлемнің 23 еліне экспортаймыз. Францияның осындай үлкен көрмесінде жаңа серіктестік орнатуға үмітіміз мол. Негізі Еуропа нарығында Қазақстанның май өнімдеріне сұраныс бар.

Биыл Қазақстанда майлы дақылдар егілген алқап ұлғайып, 5 миллион гектардан асты. Қазір отандық кәсіпорындардың басты мақсаты – шикізатты шетелге сатумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығару. Қазақстан 2028 жылға қарай осы саладағы экспорттан түсетін жылдық табысты бір жарым миллиард долларға жеткізіп, күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ең ірі төрт елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz