Елде сұранысы жоғары мамандық тізімі 51-ден 174-ке дейін көбейді. Биылдан бастап бұл тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді. Құзырлы министрлік білікті мамандарға сұраныс көп екенін хабарлады, деп хабарлайды 24KZ.
Жасанды интеллектінің енуімен қатар еңбек нарығындағы трансформацияға дайын болу қажет. Практикалық дағдыларды дамытуға басымдық қою міндеттелді. Бұл – жұмыс берушінің, жұмыскердің және мемлекеттің ортақ жүгі.
Әбунасыр Қамзаев, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаментінің бас сарапшысы:
– Елімізде жұмыс жасайтын азаматтардың жартысына жуығы оларға ЖИ тікелей әсер етпек. Мамандықтың өзі сәл трансформацияға ұшырайды. Трансформация дегеніміз ауызекі тілде ол өзгеру дегенді білдіреді. Яғни мамандық сақталады, бірақ адамның атқаратын рөлі өзгермек. Егер мысал келтіретін болсақ, бухгалтер мамандығы, яғни есепші уақытының көп бөлігін құжат енгізуге, салыстыруға немесе есеп толтыруға жұмсаса, болашақта бұл жұмысты жасанды интеллектке бере алады. Ал негізгі ауқымды жұмыстың өзі олар күрделі жағдайларды тексеріп, тәуекелді бағалап немесе шешім қабылдай алатын маманға айнала алады. Біздің пайымдауымызша, болашақта бухгалтер мамандығы цифрлық қаржылық есеп маманына айналмақ.
Нысанбай Сисен, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:
– Жасанды интеллект саласында 33 жаңа мамандық пайда болуы мүмкін. Соның есебінен алдағы жылдары 89 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады деп көзделуде. Еңбек министрлігі кадрларға болжам жасайды. 2026-2035 жылдар аралығында 2,9 млн-ға жуық кадрлар қажет етіледі.
Балаға тәрбие беретін ұстазды, шахтадағы кеншіні, өрт сөндірушіні, аспазды және басқа да адам өмірі үшін маңызды кәсіпті жасанды зерде алмастыра алмайды. Жасанды интеллект мамандықты емес, оның күнделікті қайталанатын қам-қарекетін жеңілдетеді. Ал күрделі талдау, шешім қабылдау, жауапкершілік – кәсіби білікті кадрдың құзыретінде қалмақ.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Диас Қовланбаев
Тегтер #сұраныс #мамандықтар #тізімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz