Қазақстан мен Швейцария іскерлік әріптестікті нығайтады. Екі елдің 90-ға жуық кәсіпкері Цюрихтегі бизнес-форумда жобаларын таныстырып, тікелей келіссөз жүргізді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның швейцариялық технологиялар мен инженерлік тәжірибені игеруге әрі отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Швейцария Қазақстанға ең көп инвестиция салған үш елдің қатарына кіреді. Биылғы сегіз айда екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд 100 млн доллар болды. Оның 800 миллионы қазақстандық экспорттың үлесіне тиесілі. Форумда энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де талқыланды. Швейцария компанияларын Қазақстандағы электр және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға, су тазарту жобаларына тарту көзделіп отыр. Тараптар Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліздің мүмкіндіктерін қарастырды. Форум қорытындысында QazTrade пен Швейцарияның Бірлескен сауда палатасы іскерлік байланысты дамыту және өзара тауар жеткізуді кеңейту жөнінде меморандумға қол қойды.
Андреас Битци, Швейцария Біріккен сауда палатасының (JCC) қосалқы бас директоры:
– Біз үшін Швейцариядан Қазақстанға ғана емес, Қазақстаннан Швейцарияға да тауар экспорттау мүмкіндігін кеңейту өте маңызды. Бүгін қол қойылған меморандум соған негіз болады. Швейцариялық компаниялардың Қазақстанда қандай өнімдер өндірілетінін, оларды қайдан сатып алуға болатынын және сенімді серіктестерді қалай табуға болатынын білгені маңызды. Бизнес-форум мен біздің сауда палатамыз екі ел кәсіпкерлерінің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Нұрлан Құлбатыров, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры:
– Бұл жерде осы швейцариялық іскер адамдарға Қазақстанның экспорттық, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыру болды. Сонымен қатар осы Орта дәліздің дамуына байланысты көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Ақтау, Құрық сияқты Каспий теңізіндегі порттардың қызметі, сол порттар арқылы Орта Азияға, яғни Азияның басқа елдеріне қалай шығуға болатыны туралы біз ақпарат бердік.
Форумда қазақстандық Darad ұн тарту кешені диірмен жабдықтарын өндіретін швейцариялық Буллер (Bühler) компаниясымен қолданыстағы өндірісті кеңейту туралы келісімге келді. Енді кәсіпорынның өндірістік қуатын екі есе арттырып, тәулігіне 600 тонна астық өңдеу жоспарланып отыр. Қазақстандық TMK Limited пен швейцариялық TND Universe инвестициялық компаниялары арасында келісім жасалды. Олар Швейцарияның Цуг қаласында көпфункционалды кешен салуға бірлесіп инвестиция құюды көздейді.
Тегтер #Қазақстан – Швейцария #байланыс #әріптестік #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz