Шаруаларға күзгі дала жұмыстары үшін «түрлі-түсті» жанармай беріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Шымкенттің диқандары көк түсті дизель отынын алады. Жанар-жағармайды түспен таңбалаудағы мақсат – заңсыз айналымның алдын алу. «Сондай-ақ әділ, әрі ашық бөлінуін қамтамасыз ету», – дейді мамандар.
Қазір оңтүстік өңірлерде күзгі дақылдарды егу жұмыстары басталды. Шымкенттегі шаруашылықтарға 119 тонна дизель отыны бөлінген.
Шаруалар жиын-терім науқанын аяқтай салысымен күзгі дала жұмыстарын бастап кетті. Қолайлы ауа райын пайдаланып, жерді дайындап, күздік дақылдарды сеуіп жатыр. Әсіресе механизаторларда тыным жоқ.
Мамед Текеолы, механизатор:
– У нас сейчас посевная идёт...
– Қазір бізде күздік егін салу науқаны қызып жатыр. Күніне шамамен 35-50 гектар жерге тұқым себеміз. Бәрін уақытында үлгеруіміз керек. Әйтпесе, еңбегіміз еш кетеді. Жалпы, қажеттінің бәрін сайлап қойдық.
Егіс жұмыстарын мерзімінде атқару үшін жеңілдетілген дизель отынын уақытында жеткізу маңызды. Қамысбай Тойшыбековтің шаруашылығына көктемгі және күзгі жұмыстар үшін 52 тонна жанармай бөлінген. «Мемлекеттің қолдауы шығынды едәуір азайтуға септігін тигізді», – дейді ол.
Қамысбай Тойшыбеков, «Агрофирма «дархан» ЖШС директоры:
– Біз қазір соны шамамен 50%-тей алып қойдық жартысын. Бізге қазіргі уақытта жетіп тұр. Арғы жағында қалған 27 тоннадай есептеп тұрмыз толығымен жететін шығар деп. Енді былайша есептегенде нормативпен беріп тұрған сияқты. Қайбір жылдары болмай қалып, өтініш қабылданбай тұрып қалған кездерде алдық қой. 320-330 теңгеден солярка алдық. Бізге ол шығын.
Еліміз бойынша егістік науқанына түрлі-түсті дизель отыны бөлінді. Бұл өнімнің мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін қажет. Мысалы, Шымкент мұнай өңдеу зауыты көк түсті жанармай шығарып жатыр. Мамандардың айтуынша, дизелді бояу оның техникалық сапасы мен құрамына ешқандай әсер етпейді.
Олжас Шәріп, «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС техникалық бөлімінің бастығы:
– Зауыттан дизель отыны шыққан уақытта біз оны паспорттаймыз. Яғни оны алдын ала нормативті техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес шығуын қадағалаймыз. Өзінің нормасы бар. Біз 50 грамм бояғышты 1 тонна дизель отынға қосамыз. Өнімнің сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейді.
Десек те, дизелді түске бояу, заңсыз айналымды тоқтата алмауы мүмкін. Сондықтан елімізде жанармайға жеке цифрлық код беріліп, оның тасымалы бақылауға алынды. Бұл субсидияланатын дизельдің ашық әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етеді.
Нұрсұлтан Хайдаров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы:
– Өтініш тапсырылған кезде шаруалардың жеріне байланысты дизель отынының көлемі айқындалып қояды. Сол себепті таңбалаудың мақсаты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ғана жеткізілеуі үшін. Басқа заңсыз сауда нарығына шығып кетпеуі үшін сол жүйені бақылау мақсатында.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, цифрлық бақылау енгізілгеннен кейін жеңілдетілген дизельді тұтыну көрсеткіші едәуір азайғаны байқалды. Мәселен, 2023 жылы диқандарға 729 мың тонна бөлінсе, кейін көрсеткіш 602 мың тоннаға түскен. Мамандардың айтуынша, бұл оның мақсатсыз жұмсалуын алдын алады. Енді дизель отынына молекулярлық таңбалау енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #24KZ #Шымкент #диқандар #дизель отыны #жанармайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz