Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған емтиханнан өте алмаған үміткерлерге қайта тапсырудың қосымша мүмкіндігі берілді. Бірінші рет емтиханнан өтпеген адам келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады, ал екінші талпынысы сәтсіз болса, 10 күннен кейін келуіне болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның түсіндіруінше, теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру тәртібі өзгерген жоқ. Үміткерлер бұрынғыдай теориялық сынақтан автоматтандырылған сыныпта, ал практикалық емтиханнан автодромда өтеді. Жаңа тәртіп емтиханнан өте алмаған адамдарға қайта дайындалып, білімін сынауға мүмкіндік береді.
Бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта келіп, емтихан тапсыра аласыз. Екінші реттен де өте алмасаңыз, 10 күннен кейін келесіз. Осы уақыт ішінде дайындалып, қайта сынақтан өтуге мүмкіндік бар, – деді Ақтоты Боранова.
Комитет өкілінің айтуынша, үшінші рет те емтиханнан өте алмаған үміткерлер кейін мемлекеттік бажды төлеп, сынақты қайта тапсыра алады. Бұл мүмкіндік бұрын да болған, енді оны пайдалану тәртібі заңнамада бекітілген.
Жаңа тәртіптің негізгі мақсатының бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Емтиханнан бірнеше рет өте алмаған үміткерлердің делдалдарға жүгінуіне жол бермей, оларға өз бетінше қайта дайындалып, сынақ тапсыру мүмкіндігін беру көзделген.
Бұған дейін екі-үш рет тапсыра алмаған үміткерлер өзіне шектеу қойып, делдал іздеуі мүмкін еді. Қазір оларға қайта дайындалып, емтихан тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Үшінші реттен кейін де мемлекеттік бажды төлеп, сынақты қайта тапсыруға болады. Бұл мүмкіндік заңнамалық тұрғыда бекітілді, – деді Ақтоты Боранова.
Осылайша, емтихан тапсырудың негізгі талаптары өзгермейді, бірақ сәтсіз талпыныстан кейін қайта келу мерзімі нақтыланып, үміткерлерге қосымша мүмкіндік берілген.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #жүргізуші куәлігі #емтиханPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz