RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Әскери кафедраларда инженерлер мен дрон мамандарын даярлау қажет

22.10.2026, 15:04 31

Қазақстандағы әскери кафедралардың оқу бағдарламаларын жаңартып, инженерлік-техникалық мамандарды заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйрету қажет. Сонымен қатар әскери даярлыққа қосымша білім бағыттарын енгізіп, болашақтағы технологиялық өзгерістерді ескерген жөн. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Сарапшының пікірінше, әскери реформаны тек мерзімді қызметтегі сарбаздарды даярлаумен шектеуге болмайды. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың жұмысын да қайта қарау керек. Өйткені техникалық университеттерде білім алып жатқан инженерлердің кәсіби мүмкіндігін қорғаныс саласында пайдалануға болады.

Арман Ешмұратов қазіргі әскери кафедралардағы даярлық тәсілдерін өзгерту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, оқу бағдарламалары нақты әскери міндеттер мен жаңа технологияларды меңгеруге бағытталуы керек. Сонымен қатар әскери мамандарға медициналық білім беру мәселесін де ескерген жөн.

Қазір техникалық университеттерде мықты инженерлер бар. Оларды әскери кафедраларда даярлаған кезде казарманың алдындағы алаңды күні-түні сыпырып отыру дұрыс емес. Біз нақты жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Оқу бағдарламаларын да соған сай өзгерту қажет. Бұған қоса, әскери даярлыққа қосымша медициналық білім де керек, - деді  Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов.

Әскери кафедралардағы мамандықтарды жаңарту мәселесі де өзекті. Сұхбат барысында артиллерия, танк әскерлері, радио және байланыс мамандарын даярлаудың орнына ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгерген мамандарды көбірек даярлау қажеттігі туралы сұрақ қойылды.

Сарапшы дрон мамандары қазіргі уақытта қажет екенін қолдады. Алайда әскери даярлықты тек бүгінгі технологиялармен шектеуге болмайтынын ескертті. Өйткені әскери доктрина мен ұрыс жүргізу тәсілдері өзгеріп отырады. Сондықтан болашақта қандай технологиялар қажет болатынын да алдын ала ойластыру керек.

Қазір дрондармен байланысты мамандар қажет. Бірақ ертең басқа технологиялар пайда болуы мүмкін. Бұрын әуе күштері, ұшақтар мен тікұшақтар маңызды болса, қазір әскери доктрина өзгеріп жатыр. Шағын құрылымдар да тиімді болуы мүмкін. Сол себептен біз тек бүгінгі қажеттілікке емес, болашақтағы өзгерістерге де дайын болуымыз керек. Әскери реформаның негізгі мақсаты – озық технологияларды енгізу, - деді Арман Ешмұратов.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан бейбіт жағдайда өмір сүріп жатса да, қорғаныс қабілетін үнемі нығайтып отыруы керек. Әскердің технологиялық жағынан озық болуы елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін сақтауға дайын болудың маңызды бөлігі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz